фото: pixabay.com
Үкімет жаңа ғасырдың қасіреті саналатын синтетикалық есірткі саудасы үшін жазаны күшейтуге тырысқанымен, оны саудалайтындар тыйылар емес, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Соңғы жылдары елімізде кең тарай бастаған синтетикалық есірткіге қатаң тәрбие арқылы қарсы тұрудан қайран жоқ сияқты. Мұндай есірткі тұзағына көбінесе таяз ойлайтын жастар түседі.
Алматыда полиция жерасты өткелдерінде есірткі жарнамасын салған “суретшілерді” ұстады. Алматы қаласы Әуезов ауданының тәртіп сақшылары анықтағандай, жастар түнгі уақытта әрекет еткен. Олар кең көлемді платформаларды, көбінесе өткелдердегі бетон қабырғаларды пайдаланды, деп хабарлады Polisia.kz.
Күдіктілер ұсталып, прокуратураның үйлестіруімен қамауға алынды. Есірткілерді насихаттау және жарнамалау дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Күдіктілердің бірі – 18 жаста, екіншісі – 22 жаста. Екеуі де басқа жақтан келгендер, Алматыда тұрақты жұмысы жоқ. Ұсталғандардың айтуынша, олар “оңай ақша табуды” интернеттен тапқан. Олардың “жұмыс берушілері” міндетті түрде анықталып, жауапқа тартылатын болады, – дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Алматы қалалық Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының айтуынша, жыл басынан бері полицейлер 37 есірткі сатушыны ұстады. Есірткі сатуды насихаттаған 451 интернет-ресурс бұғатталды.
Есірткі бизнесіне қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін тиісті Кешенді жоспар әзірленді. Оның негізгі мақсаттары – есірткінің аса қауіпті түрлерінің, оның ішінде синтетикалық есірткі айналымын төмендету, есірткіге тәуелділерді ерте анықтау және есепке алу жүйесін енгізу, уәкілетті органдардың құзыретін арттыру және материалдық-техникалық базасын нығайту.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через