Биылғы астық Гонконг пен Вьетнамға да сатылуы мүмкін – үкімет

Биылғы астық Гонконг пен Вьетнамға да сатылуы мүмкін – үкімет
фото: https://pixabay.com/ru/

Қазір Қазақстанның бидайын Тәжікстан жақсы ала бастаған

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин биылғы астық қай елдерге сатылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға 1,5-2 миллион тонна экспортталады.

"Сосын Ауғанстанның батысы мен Иранның шығысына шамамен 1,5-2 млн тонна, ал өзіміздің көршілеріміз – Орталық Азия елдеріне 6-8 миллион тонна жіберіледі. Мысалы, мен Өзбекстанға барып келдім, ол жақта 3 миллион тоннаға келістік", - деді Жұманғарин мәжілісте өткен отырыста.

Оның айтуынша, қазір Тәжікстан бидайымызды жақсы ала бастаған. Қытайға 2 миллион тонна астық жөнелтіледі.

"Сосын жаңа мақсаттарымыз бар. Келесі жылдың басында Синьзянда кездесу болады, мен өзім барамын. Гонгконгтың басшысы болады, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшысы болады. Гонгконг пен Вьетнамға жіберетін ойымыз бар, контейнермен",-деп атап өтті Жұманғарин.

Биыл жиналған астықтың 12 млн тоннасын экспортқа шығару қажет. Жұманғариннің айтуынша, екі айда 2,1 млн тонна шығарылды. Ал осы үрдіс сақталса, бидай далада қалмайды.

ҚазАқпарат