Әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары рекорд орнатты

Әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары рекорд орнатты
фото: pexels.com

Черногорияда өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы рекорд орнатты. Жалпы саны 17 жүлденің алтауы – алтын, біреуі – күміс, оны – қола, деп жазды qazaqstan.tv.

Осылайша командалық есепте 73 елдің арасында Қазақстан құрамасы көш бастады. Екінші - Өзбекстан құрамасы, үздік үштікті Ресей түйіндеді. Бұған дейінгі жарыстарда, яғни 2018 жылы Венгрияда, 2021 жылы Германияда өткен әлемдік додаларда қазақстандық 17-18 жастағы спортшыларымыз 2 алтынмен оралған болатын. Сондықтан бұл жарыс көрсеткіші – тарихи нәтиже. 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан финалда кубалық боксшыдан айласын асырып, әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанды.

Төрехан Сабырхан, Әлем чемпионатының ең үздік боксшысы:

Бұл чемпионат мен үшін өте жоғары деңгейде өтті және естен кетпейтін Әлем чемпионаты десем де болады. Себебі, көрдіңіздер Әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атағы берілді. 2028 жылы Лос-Анджелесте Олимпиаданың төрінде көк туымды көкке желбіретемін деген ойдамын.