400-ден астам мектепте асхана жоқ

400-ден астам мектепте асхана жоқ
фото: pixabay.com

Жыл соңына дейін Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері мектептерге арналған Тамақтану стандартын қабылдауы қажет. Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов қос министрлік жұмысын сынға алды, деп жазды kaz.inform.kz.

О. Бектенов қабылданып жатқан шараларға қарамастан, балаларды тамақтандыру сапасы өзекті мәселе болып қалғанын және қайта қарауды қажет ететінін айтты. 

«Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері тарапынан үйлестіру мен бақылау әлсіз екенін атап өтемін. Мен барлық мектеп асханаларына санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізуді, сондай-ақ персоналдың жұмыс істеуге рұқсаты бар-жоғын, жарамдылық мерзімдері мен тамақ өнімдерін сақтау шарттарының сақталуын тексеруді тапсырған болатынмын. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тапсырманы орындау созылып кетті», - деді О. Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Оның айтуынша, әкімдіктер мектеп асханаларын жаңғырту және жарақтандыру бойынша тиісті жұмыс жүргізбейді.

«Бүгінгі таңда 403 мектепте асхана жоқ, сондықтан онда балалар ыстық тамақпен толыққанды қамтамасыз етілмеген. Мектептегі, әсіресе шағын және шалғайдағы мектептерде қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыру мәселесінде толық тәртіп орнату қажет. Тамақтану сапасын жақсарту және жеткізушілер жауапкершілігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдаған жөн», - деді Премьер-Министр. 

Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктеріне сарапшылар мен ғалымдарды тарта отырып, жыл соңына дейін үлгілік перспективалық мәзірді қамтитын, оның ішінде асханасы жоқ мектептерге арналған Тамақтану стандартын қабылдау тапсырылды.