фото: https://pixabay.com/ru/
Дүрліккен диқандар "полицейлердің әрекеті бізді әбден әбігерге салды" деп отыр.
Басты себеп – комбайн затының жетіспеушілігі. Комбайн затына сақшылардың қандай қатысы бар екенін inbusiness.kz тілшісі зерттеп көрген еді.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы "Оңталап" шаруа қожалығына тиісілі жүк көлігі осыдан екі ай бұрын жол ережесін бұзыпты. Айып тұрағына қамалған көлікте комбайнның қымбат бөлшегі болған. Жүк көлігі қожалыққа қайтарылғанда, ондағы қосалқы бөлшектің ізім-қайым жоғалғанын көрген.
Жалпы, Қызылордада күріш ору маусымының басталғанына бір айдан асты. Десе де, "Оңталап" шаруа қожалығына тиесілі 600 гектар жерге егілген күрішке әлі орақ түспеген.
– Техникамыз тұр. Қосалқы бөлшегі жоқ. Тауып бере алмай отыр. Біздің техникамыз болмаса, қалай жинаймыз? Жайқалып өскен қандай әдемі күріш? Осыны жинамасақ, шаруашылыққа орасан шығын. Бір дән үшін біз қызмет еттік ала жаздай. Бір дәнімізді жинай алмасақ не істейміз? Бұл – біздің маңдай теріміз, – деді диқан Асқар Тәтиев.
Шаруа қожалығы бұрын-соңды болмаған қиындыққа тап болып отыр. Осы күні жұмыссыз қалған жүзге тарта диқанның алқапта қаңтарылып тұрған техникалар мен егістікті күзетуден басқа амалы жоқ. Олардың сөзіне сенсек, жүк көлігінде болған қымбат қосалқы бөлшексіз комбайн кәдеге жарамайды. Сондықтан қожалықтың өкілдері адвокат жалдап, тәртіп сақшыларының үстінен арыз берген.
– Полиция қызметкерлеріне қатысты қозғалған іс облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тергеп-тексеру әрекеттері, "қарға қарғаның көзін шұқымайды" дегендей бір жақты жүргізіліп, соның салдарынан қазіргі таңда "Оңталап" шаруа қожалығы өзінің заңды кәсібін жүзеге асыра алмай, күрішін ора алмай, барлық жұмысы тоқтап, өте қиын жағдайда отыр, – дейді адвокат Тілектес Өміржанов.
Аталған жайтқа байланысты Қармақшы аудандық полиция бөлімі "Ұрлық" бабы бойынша іс жүріп жатқанын жеткізді.
– Ақтөбе ауылының тұрғыны арызы негізінде Қармақшы аудандық полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жариялануға жатпайды, – дейді Қармақшы аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Талапбек.
Тез арада диқандар күріш орымын бастамаса, шаш етектен шығынға ұшырайын деп тұр.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через