фото: https://pixabay.com/ru/
Жергілікті университеттің түлектері астаналық мектептерде сұранысқа ие болуда.
Облыстық білім беру басқармасының статистикасына сүйенсек, өңірдегі мұғалімдердің орташа жасы 40-50 шамасында деп есептеледі. Мектептерде басым бөлігі ересек жасқа келген ұстаздар контингенті жұмыс істеуде.
– Бүгінде білім беру ұйымдарында штат жасақталған. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары бар. Қазір 68 бос орын бойынша конкурстық рәсімдер өткізілуде, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова.
Оның сөзінше, университет бітіріп, жұмысқа орналасып жатқан түлектердің ынтасы мен шабыты байқалады.
– Жұмыс істегісі келетін жастар бар. Қазіргі жас мамандар өзгеше. Олардың ойлау қабілеттері мүлдем басқаша. Әсіресе, цифрлық заманда бейімділік дағдысы, жаңашылдыққа тез үйренісіп кетуі өте қажет дүние,– деді Гүлмира Баширова.
Педагогикалық мамандыққа түсетін студент саны көп болса да, кейбір пән мұғалімдерінің тапшылығы сезіледі.
– Орыс тілі және әдебиет, математика, бастауыш сынып мұғалімдері жеткіліксіз. Кадрлар тапшылығы бұрыннан бар мәселе. Төрт жылдай аталмыш пәндерден мамандардың жеткіліксіздігі қатты байқалды. Мысалы, бір топта 15 студент жинақталса, оқу аяқтаған кезде олардың тек 7-8-і ғана қалады. Бұл бүкіл облысқа өте аз. Осы сұрақ ашық болып қала береді, – деді Гүлмира Баширова.
Ал, информатика пәнінен керісінше мұғалімдер көп. Бұл студенттердің ІТ-саласына басымдықпен көңіл бұра бастағанымен байланысты.
Облыстық білім беру басқармасы кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін көрші өңірлерден бос орындар жәрмеңкесінде студенттерді тартуға тырысады. Бұл ретте Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анара Кәрімова Астанадағы жұмыс берушілердің назары павлодарлық түлектерде екенін айтады.
– Астана белсенді түрде өскен сайын біздің түлектерге ерекше көңіл бөлуде. Орта кәсіптік буын және жоғары білім саласында сапалы мамандардың шығуы, еңбек нарығында көрінуде. Себебі, астаналық білім беру орындарынан көптеген ұсыныстар келіп жатады, – деді Анара Кәрімова.
Айта кетейік, Павлодар облысында 20 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Олардың 60 пайызы – сапалы құрамды ұстаздар.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через