Араб қаржы ұйымы Қазақстанда әмбебап банк ашады

Араб қаржы ұйымы Қазақстанда әмбебап банк ашады
фото: https://pixabay.com/ru/

Abu Dhabi Commercial Bank бұған дейін исламдық қаржыландырумен айналысатын Al Hilal банкін ашқан болатын

Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі банкі Қазақстанда исламдық қаржыландырумен қатар дәстүрлі қызмет көрсетуге мүдделі. Бұл туралы қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттік басшысының айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) деген ірі банк бар. Активтері жағынан үшінші орында тұр. Осы қаржы ұйымы Қазақстанда исламдық қаржыландырумен айналысатын Al Hilal банкін ашқан.

"Енді олар әмбебап лицензия аламыз деп отыр. Осылайша, әмбебап операциялар жүргізетін банк ашатын ойы бар",-деді Әбілқасымова мәжілістің жалпы отырысында.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяның бір микроқаржы ұйымы Қазақстанда банк ашуға шешім қабылдады. Агенттік маусым айында рұқсатын берді. Ал Қатардың инвесторы Bereke bank-ті сатып алды.

Айта кетері, Al Hilal банкі бұрын исламдық ипотека берген. Қазір ондай қызметі жоқ. Банк тек кәсіпкерлермен жұмыс істейді.

ҚазАқпарат