Алматыда соғыс ардагері 100 жасқа толды

Алматыда соғыс ардагері 100 жасқа толды
фото: https://pixabay.com/ru/

Алматы Қорғаныс істері департаментінің баспаөз қызметі

Алматылық Қамбар Әмірұлы Сәрсенов Республика күнімен қатар өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.

Медеу аудандық қорғаныс істері басқармасы мен әскери инженерлік институт басшылығы соғыс ардагерін құттықтады.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшысы, генерал-майор Нұртас Қабақов ғасырлық мерейтойына жеткен ардагерге алғыс айтып, майдандағы ерлігі мен елге сіңірген еңбегі үшін ризашылығын білірді.

"Сіздің өмірлік жолыңыз - ерлік, Отанға және азаматтықтық міндетке деген адалдықтың айқын мысалы", - деді Қабақов.

Соғыс ардагерін отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин, "Қарулы күштердің ардагерлері" республикалық бірлестік төрағасының орынбасары мен Медеу аудандық қорғаныс істері басқармасының өкілдері де құттықтады.

Мерейтой иесі де өз алғысын айтып, батасын берді. Қамбар Әмірұлы сұрапыл соғыс жылдарын да еске алды. Қамбар Сәрсенов 1924 жылы 25 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. Ал 1942 жылы 18 жасында арнайы дайындықтан өткеннен кейін майданға аттанды.

Содан Беларусь, Латвия мен Литвадаға дейін барып, Кенинсберг үшін шайқасқа қатысты. Осы уақыттың ішінде үш рет жарақат алды. I-ші және II-ші дәрежелі Отан орденімен, I-ші және II-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қамбар Әмірұлына Қызыл жұлдыз ордені де табысталған. Бұдан бөлек, басқа да медальдары бар. Соғыстан кейін ішкі істер органдарында жұмыс істеді. Одан кейін Алматыда энергетика саласында ұзақ уақыт еңбек етті.

ҚазАқпарат