Қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні тойланады. Осыған орай мегаполистің Астана алаңындағы бірнеше көше жабылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Қыркүйектің 12-сі мен 16-сы аралығында Төле би көшесінің бойы Панфилов көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін жабылады. Бұл аралықтағы Астана алаңында қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі.
– Түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16:00-де «Астана» алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер – DJ Imanbek.
Сондай-ақ «Астана» алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17:00-де басталады. Оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады.