Майқайың кенішінде қаза тапқан құтқарушының туыстары 120 млн теңге өндірді

Майқайың кенішінде қаза тапқан құтқарушының туыстары 120 млн теңге өндірді
фото: Valeriy BUGAYEV

Сот жазатайым оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі екенін негізге ала отырып, құтқарушының туыстарының талабын толық көлемде қанағаттандырды

Майқайың кенішінде автобус апатынан қаза тапқан құтқарушының отбасы кәсіпорыннан 120 миллион теңге өндіріп алды, деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі оның қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеуді талап етіп сотқа арызданды.

"Сот жазатайым оқиғаға жұмыс беруші 100% кінәлі екенін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талабын толық көлемде қанағаттандырып, әрбір туысының пайдасына 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді", - деп жазылған хабарламада.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қаңтарында "Майкаинзолото" АҚ аумағында үш құтқарушы мен жүргізуші мінген автобус шұңқырға құлап кетті. Қаза тапқандар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС-нің қызметкерлері.

ҚазАқпарат