Бананды ұнататын жапондық әйел әлемнің ең қарт адамы атанды

Бананды ұнататын жапондық әйел әлемнің ең қарт адамы атанды
фото: Фото: AP

Томико Итооканың 116 жасқа толғанын Гиннестің рекодтар кітабы да растады.

Гиннестің рекордтар кітабының мәліметіне жүгінсек, испаниялық 117 жастағы Мария Браньяс қайтыс болғаннан кейін, Томико Итоока есімді жапондық әйел 116 жасында әлемдегі ең қарт адам атанды.

Итооканың 1908 жылы 23 мамырда дүниеге келгенін Геронтологиялық зерттеу тобы растады. Айта кетсек, бұл ұйым шамамен 110 жастағы немесе одан үлкен адамдар туралы мәліметтерді анықтаумен айналысады. Сондай зерттеулер нәтижесінде топ Итооканы Дүниежүзілік суперцентенарлық (аса көп жасаушылар) рейтингтер тізімінде бірінші орынға қойып отыр.

Итоока қазір Жапонияның Хиого префектурасының Ашия қаласындағы қарттар үйінде тұрады. Бұл мекеме де оның туған күнін растады. Сейсенбіде Браньястың отбасы 117 жастағы әйелдің қайтыс болғанын жариялағаннан кейін, Итоока әлемдегі ең қарт адам атағын ресми түрде иеленді. Ал Гиннестің рекордтар кітабы бұл мәртебені бейсенбі күні растады.

Ғасырдан артық жасаған әйел дүниенің ең қарт адамы атанғанын естігенде, "Рахмет" деп қана жауап берген. "Ассоушиэйтед пресс" агенттігінің хабарлауынша, мұндай алғысты ол қарттар үйіндегі қамқоршыларына жиі айтып тұрады.

Итоока үш ай бұрын туған күнін атап өтіп, жергілікті мэрдің қолынан гүл шоқтарын, торт пен құттықтау қағазын алды. Күн сайын таңертең ол "Кальпис" деп аталатын йогурт дәмді сусынды ішеді. Кейуананың сүйікті тағамы – банан екен.

Осака қаласында дүниеге келген Итоока орта мектепте волейболшы болған. Ал 20 жасында ол тұрмысқа шығып, Гиннестің мәліметі бойынша, екі қыз және екі ұл туыпты.

Итоока Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде күйеуінің тоқыма фабрикасының кеңсесін басқарды. Ал 1979 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін, қарттар үйіне орналаспас бұрын, Нарада қаласында жалғыз тұрған.

Тағы бір айта кететін жайт, Итоока биіктігі 3067 метрге жететін Онтаке тауының басына екі рет көтеріліп, 100 жасқа толғаннан кейін де ұзақ саяхаттауды ұнатқан.

ҚазАқпарат