Балам аман болсын десең. Қауіпті ойындар тізімі жарияланды

Балам аман болсын десең. Қауіпті ойындар тізімі жарияланды
фото: https://pixabay.com/ru/

Қазақстанда мектеп әкімшілігі қандай ойындардың балалар үшін қауіпті екенін айтып, ата-аналарға одан сақтанудың жолын көрсетті.

Бұл мазмұны ата-аналарға көріне бермейтін, мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар болуы мүмкін. Telegram және TikTok әлеуметтік желілерінен "Бізбен ойна!” деген шақыртулар келуі ықтимал. Мұндай үндеулерді Ozon-да сатылатын 18+ кітаптардан да табуға болады. Бұлардың ең қауіптісі: “ "Тихий дом", "Разбуди меня в 4:20", "Море китов", "Синий кит", "Красный дельфин ", "Млечный путь", "U19", "F57", " SchoolBoy RunaWay -Stealth", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ мектеп басшылығы қауіп-қатердің алдын алу үшін балалармен жиі сөйлесіп, олардың қандай ойын ойнайтынын бақылауға алуға кеңес береді.

Пайдалы кеңес

•Контентті бақылауға алу. Балаңыз ойнайтын ойынды үнемі тексеріңіз. Ойынның баланың жасына сай келетінін анықтау үшін рейнтингін қарап, шолу жасаңыз;

•Ереже орнатыңыз. Балаңызбен қандай ойындарға рұқсат етілетінін, қайсысын ойнауға болмайтынын талқылаңыз. Ойындарға шектен тыс қызығушылығы артпас үшін уақытпен шектеу қойыңыз;

•Сыни ойлауын дамытыңыз. Баланы ойын мазмұнын талдауға үйреткен жөн. Ойындарда көрсетілгеннің бәрі шынайы өмірде бола бермейтінін және қауіпсіз емес екенін түсіндіріңіз;

•Бірге ойнаңыз. Балаңызға уақыт бөліп, бірге ойнаңыз. Бұл олардың қандай ойын ойнайтынын жақсы түсінуге және қауіптің алдын алуға көмектеседі;

•Мінез-құлқына мән беріңіз. Балаңыздың мінез-құлқында қандай өзгерістер барын бақылаңыз. Егер ойыннан соң ол ашушаң әрі тұйық бола бастаса, ойнап жүрген ойындарын ауыстырыңыз;

•Ата-ана бақылауын қолданыңыз. Қажетсіз әрі орынсыз ойындар мен контентке телефондағы ата-ана бақылауын орнатыңыз;

•Басқа балалардың ата-анасымен талқылаңыз. Өзге ата-аналармен талқылап, тәжірибеңізді бөлісіңіз. Олар қандай ойындарды қауіпсіз деп санайды, соны біліңіз.

Мектеп әкімшілігі ата-аналардан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ойындар әлемінде дұрыс таңдау жасауға көмектесуін сұрайды. Сондай-ақ мектептегі әр сыныпта "Компьютерлік ойындардың пайдасы мен зияны" тақырыбында пікірталас жүргізіп, ата-аналармен және оқушылармен бірге киберқауіпсіздіктің алдын алу бойынша тренингтер өткізу жоспарлап отырғанын атап өтті.

ҚазАқпарат