фото: qazdauiri.kz/aqmeshit-zhastary.kz
Еліміздің әскери бөлімдеріне «Отан қорғаушымын» деп шабытпен барған жас жігіттер үйлеріне табытпен оралып жатыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталуы проблеманың асқынып кеткенін аңғартқандай, деп жазды kaz.inform.kz.
«Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады»
Ел президенті әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті.
Фото: Akorda
«Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.
Жаңа петиция: әскерге 20 жастан бастап шақыру
Жақында елімізде әскерге шақыру жасын 18-ден 20-ға өзгерту туралы петиция пайда болды. Құжат авторлары әскерге 20 жастан бастап шақырудың бірнеше себебін атаған:
- Психологиялық және физикалық тұрғыда жетілу;
- Білімін жалғастыру;
- Дезертирлік (әскерден қашу) пен құқықбұзушылық деңгейін төмендету;
- Әскери дайындық сапасын жақсарту.
Психологиялық зерттеулер бойынша, жасы есейген кезде әскерге баратын жастардың әскерден қашу деңгейі азаятын көрінеді. Швеция, Германия, Швейцария мен Аустрияда әскерге 19-20 жастан бастап шақырылады екен.
«Әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін көтеру әскери қызметтің тиімділігін арттырып, жас азаматтардың мүддесін қорғап, Қазақстанның қорғаныс жүйесінде оң өзгерістерге әкелетініне сенімдіміз. Осы өтінішті қарап, міндетті әскери қызметке шақыру жасын өзгерту бойынша тиісті шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», – делінген құжатта.
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
Оңай тапсырма жоқ, қатер де көп
Әскери бөлімде заң мен тәртіп қаншалықты сақталып жатыр? Бұл сауалды ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған едік. Хатқа келген жауап бойынша, Қорғаныс министрлігі үшін басты басымдық және негізгі міндет – барлық әскери қызметшінің өмірі мен денсаулығын сақтау.
«Бұл жұмысқа барлық деңгейдегі командирлер атсалысады. Офицерлер мен сержанттар әскери ұжымдарда жарғылық емес қарым-қатынастарға жол бермеу бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Анонимді сауалдар, сауалнамалар жүргізеді, қоғамдық пікірді зерделейді. Құқық бұзуды азайту үшін сарбаздарды туыстарымен және жақындарымен бейнебайланыспен қамтамасыз ететін «Отбасымен бейнеқоңырау» жобалық сервисі іске қосылды. Барлық бөлімшеде командирлердің сарбаздардың ата-аналарымен қарым-қатынасы үшін әлеуметтік чаттар жұмыс істейді. Барлық казармаларда бейнебақылау жүйелері, әскери полицияның тірек пунктері және психологиялық жеңілдету бөлмелері жұмыс істейді, күн сайын әскери полиция қызметкерлері мен медициналық персоналдың қатысуымен тексерулер жүргізіледі. Осы шаралардың барлығы әскери ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, жеке құрамның көңіл-күйі мен әскери қызмет жағдайын реттеуге ықпал етеді», - дейді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Мәлім етілгеніндей, әскери қызметшілер жауынгерлік кезекшілікте болады, әртүрлі оқу-жаттығуға, авиациялық ұшу шараларына қатысады және басқа да тапсырмаларды орындайды. Олар пандемия, өрт сөндіру және су тасқыны салдары сияқты табиғи және техногендік апаттарды жоюға тартылады, яғни әскери қызмет кез келген уақытта қауіп-қатерге толы.
«Жауынгерлік дайындықтың қарқындылығына байланысты қатер де артты. Қандай да бір жаттығу, қару-жарақ немесе техникамен қозғалыс жасалмас бұрын әр уақыт командирлермен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша нұсқаулар жүргізіледі. Мәселен, жеке құрамның қаза болу саны (тек қарулы күштер бойынша статистика, басқа күштік ведомстволардағы әскери қызметшілердің қаза болуын есепке алмағанда) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға төмендеді. Егер соңғы үш жылдағы қайтарымсыз шығындар статистикасын алсақ, онда 19%-ға, оның ішінде қауіпсіздік шараларын бұзу нәтижесінде 43%-ға, жол-көлік оқиғасы - 27%-ға және науқастануы бойынша 24%-ға төмендеудің жалпы серпіні байқалады», - дейді Шайх-Хасан Жазықбаев.
«Сарбаз өлімінің 90 пайыздан астамы әскери қызметпен байланысты емес...»
Министрлік командирлер, тәрбиешілер, психологтер жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, өз проблемаларын жасыра отырып, мерзімді қызметтің әскери қызметшілері асығыс әрекеттер жасайтынын алға тартып отыр.
«Қаза болғандардың 90 пайыздан астамы әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін айтамыз. ҚР Қарулы күштеріндегі суицидтік жағдайды салыстырмалы талдау біздің армиядағы суицидтердің саны әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің армияларына қарағанда төмен екенін көрсетеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда суицидтің жалпы саны мерзімді қызмет сарбаздары арасында 66%-ға (3-тен 1 жағдайға дейін) азайды. Суицидтердің басым бөлігі әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін ескеру қажет. Сонымен қатар, сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауы әскери қызметшілердің басқа санаттарына қарағанда айтарлықтай аз. Біз Қарулы күштердегі әрбір өлім үшін жауапкершіліктен қашпаймыз. Бұл олардың туыстары мен жақындары үшін, оның ішінде командирлер үшін және жалпы армия үшін қаншалықты ауыр екенін анық түсінеміз. Өкінішке қарай, бір мезгілде әскерге шақырылушылар арасында жарғыдан тыс фактілер де кездеседі. Егер статистикаға жүгінетін болсақ, онда жарғыға жат қарым-қатынастар негізінде қылмыстар саны соңғы үш жылда 28%-ға төмендеді. Заңсыздыққа жол бергені үшін бірқатар әскери қызметші сотталды», - делінеді жауапта.
Министрлік әскерге шақырылған жастар отбасында, мектепте, достарынан алған әртүрлі деңгейдегі тәрбиемен келетінін алға тартады. Бір мезгілде әскерге шақырылған екі әскери қызметші арасында қақтығыстар туындайтын көрінеді.
«Әдетте, мұндай жағдайлар елеусіз себептермен, ауыр зардаптарсыз болады. Осы фактілердің барлығына бөлімшелер мен әскери құқық қорғау органдарының қолбасшылығы уақтылы ден қояды. Барлық бөлімшеде жауапты офицерлер мен сержанттар, психологтер, әскери полиция өкілдері тұрақты негізде жұмыс істейді. Күн сайын дене тексерулері, тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Оқиғалардың барлық фактісі бойынша біз мұқият талқылаулар жүргізіп, қатаң тәртіптік және кадрлық шешімдер қабылдаймыз. Оның ішінде әскери басқару органдарының бірінші басшылары да бар. Аурулардың алдын алу мақсатында әскери қызметшілер жыл сайын тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Ал сырқаты бар адамдар әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияға жіберіледі», - дейді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.
Сондай-ақ ведомство жауабында «Өміріңді сақта» бағдарламасынан бөлек, құқық бұзушылықтардың алдын алу әдістемелері, әлеуметтік тәуекел карталары әскери қызметшілердің қаза болуының, суицидтің алдын алу жөніндегі арнайы комиссияның тапсырмалары, сондай-ақ әскери қызметтің имиджі мен тартымдылығын арттыру, патриоттық тәрбие беру, әскерді цифрландыру жөніндегі шаралар кешені басқа мемлекеттік органдармен, сарбаз аналар комитетімен, жастармен, ардагерлер ұйымдарымен және оқу орындарымен өзара іс-қимылда дәйекті түрде іске асырылып жатқаны аталып өткен.
«Бүгінде ең көп уақытты қажет ететін міндеттердің бірі – жас азаматтардың өзін-өзі тануын қайта қалыптастыру болып отыр. Бұл жерде армиядағы қызметті олар уақытты мақсатсыз ысырап ету ретінде емес, әскери борышты орындау үшін құрметті міндет ретінде қабылдауы керек. Сондықтан бүгін біз жастарды тәрбиелеудің барлық қолда бар нысандары мен әдістерін қолданамыз. Армияны дамыту мен кәсібилендірудің, әскери қызметтің мәртебесі мен беделін арттырудың барлық аспектілері бойынша іс-шаралар кешенін іске асыра бермекпіз», - дейді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Айта кетсек, 7 қыркүйекте Ақтау қаласындағы ҚР ҚМ әскери бөлімдерінің бірінде сарбазға оқ тиіп, қайтыс болды. Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ал кейінгі 3 жыл 9 айда Ұлттық ұлан қатарында борышын атқарып жүрген 11 сарбаз мерт болған...
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через