фото: pixabay.com
Ұл-қыздарын қайда оқытарын білмей жүрген ата-аналар бұл жағдайға білім саласындағы басшыларды кінәлайды. Себебі, жаңа мектеп бірінші қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс болған.
Бірақ білім ошағының дайын емес екенін шенеуніктер кеш айтты дейді наразы топ. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
"Мектеп әлі ашылмады, бірінші қыркүйектен бері күтіп отырмын. 1 қыркүйектен бері мектепке бармадым. Үйде анама көмектесемін, спортқа, боксқа барамын", – дейді оқушы Әбілмансұр Сырым.
Қалада мектепке бармаған оқушылар көп. "Балаларымыз оқу бағдарламасынан қалып қойды" деп шырылдаған бір топ ата-ана не істерін білмей жүр. Олар жаңа мектепке баратындардың тізімі жасалғанын айтады. Бірақ тек 28 тамызда ғана білім ошағының құрылысы кешігетіні хабарланған. Ал басқа мектептер бірінші қыркүйек қарсаңында "орын жоқ" деп қабылдамаған.
"Барған кезде "Өзіміз хабарлаймыз, неге келе бересіздер? Директор хабарлайды" деген сияқты құр уәдемен, сөзбен бізді шығарып салды. Сол мектептің ашылуын күтіп отырған төрт жүздей ата-ана ортақ Whats App чат ашып, Маңғыстау әкімдігінің алдына жиналуға мәжбүр болдық. Себебі біздің дауысымызды ешкім естіген жоқ", – деді Ақтау қаласының тұрғыны Нұрзат Шоқанаева.
Шенеуніктер "Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша салынған жаңа білім ұясына оқушылар келесі аптадан бастап барады сендірді. Ал қыркүйек айының басынан бері өткізілген сабақтар қайта оқытылуы мүмкін.
"Жаңадан іске қосылатын мектебіміз толықтай дайын. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуіне орай біздер объектіге балаларды жібере алмай отырмыз. Мердігер мекемелер уақытылы құжаттарды рәсімдемеуіне байланысты жұмыстар кешіктірілуде", – деп сендірді Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Тоты Күлметенова.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через