Ұлыбританияда қой шаруашылығына арналған халықаралық көрме ашылды

Ұлыбританияда қой шаруашылығына арналған халықаралық көрме ашылды
фото: egemen.kz

       Ұлыбританияда қой шаруашылығына арналған халықаралық көрме ашылып, оған қазақстандық фермелер де қатысып жатыр. Іс-шара отандастарымызға осы саладағы озық технологиялармен танысып қана қоймай, білімдерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Екі жылда бір рет өткізілетін қой шаруашылығы көрмесі Англияның Малверн қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық компаниялар қатысып отыр. Қой бағуды кәсіп қылған қазақстандықтар да салаға қатысты соңғы жаңалықтармен танысып, тәжірибе жинау үшін осында келді. 

       «Мал басын көбейту үшін қойдың генетикасын дұрыстамай, молшылық жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ет сапасын арттыру маңызды», – дейді селекциялық-асыл тұқымдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген отандық ғалымдар. 

       Британиялық шопандар қой шаруашылығымен ежелгі Рим империясынан бері айналысып келеді. Елде 30 миллионға жуық қой мен қозы бар. Индустрия жыл сайын экономикаға шамамен 290 миллион стерлинг фунтын әкеледі. Фермалар мен соған қатысы бар салаларда 150 мыңдай адам жұмыс істейді.

       Қазақстан да асыл тұқымды қойларға кенде емес. Еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдардың 3 милионнан астамы өсіріледі. Үкімет мал тұқымын асылдандыру бойынша 5 түрлі субсидиялау тетігін қарастырды. Шаруашылық санын ұлғайтып, экспорттық нарықтар ашу үшін 2026 жылға дейінгі жол картасы жасалды. Межеге жету мақсатында шетелдік тәжірибенің де берері көп.

       Елшілік алдағы қыркүйек айында салада ынтымақтастықты нығайту үшін екі мемлекеттің бұдан да көп кәсіпкерлерінің басын қосып, тағы бір шара ұйымдастырмақшы. Қой шаруашылығы бойынша оқу семинары өткізіліп, Тұманды Альбионға келе алмаған сала мамандары онлайн қосылуға мүмкіндік алады.

       https://24.kz/kz/