Туризм саласына бөлінген субсидияның қызығын кім көріп отыр?

Туризм саласына бөлінген субсидияның қызығын кім көріп отыр?
фото: pixabay.com

Елдегі туризм саласында қызмет көрсететін кәсіпорындар мен кәсіпкерлер бюджеттен 7 бағыт бойынша субсидия алып отыр. Туризм және спорт министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында осындай дерек бар.

Ведомствоның ақпараты бойынша туризмді мемлекет бюджетінен қолдау 7 бағыт арқылы жүреді. Біріншісі – туроператорлардың шетелдік турист тартуға кеткен шығындарын субсидиялау (1 шетелдік туриске – 15 000 теңге).

«2023 жылы 8 175 шетелдік турист үшін 122,6 млн теңге көлемінде субсидия төленді. 2024 жылдың алғашқы жартысында 202 шетелдік туриске 3,03 млн теңге мөлшерінде өтінім мақұлданды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда», - деп жазады министрлік мамандары.

туристер

Фото: Kazinform

Ал 2-17 жастағы қазақстандықтарға ел ішінде саяхат жасағанда тегін ұшуға мүмкіндік беретін Kids Go Free бағдарламасының аясында 2023 жылы 90 млн теңге төленген. 2024 жылдың 2 тоқсанында 518 балаға 223 өтінім өңделген, субсидия сомасы 28,2 млн теңге.

кидс гоу фри

Фото: Kazinform

Кәсіпкерлік нысандардың санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының субсидиялау бағытында 2023 жылы әкімдіктер шамамен 40 млн теңгенің субсидиясын мақұлдаған. 2024 жылғы 1 тоқсанындағы жағдай бойынша әкімдіктер шамамен 33,6 млн теңгенің субсидиясын мақұлдаған.

Туристік қызмет нысандарын салу мен реконструкциялау шығындарын өтеу бағытында 2023 жылы әкімдіктер 169 млн теңгенің 9 өтінімді мақұлдаса, биыл 3,4 млрд теңгенің 43 өтінімі мақұлданған.

Жол бойындағы сервис нысандарын салу шығындарын өтеу аясында 2023 жылы 355 млн теңгенің 10 өтініміне оң шешім қабылданса, биыл 635 млн теңгенің 9 өтінімі мақұлданып отыр.

жол бойындағы сервис

Фото: Kazinform

Тау шаңғысы курорттарына жабдық пен техника сатып алу шығындарын өтеу:

  • 2023 жылы 2,8 млн теңге сомасына 2 өтінім;
  • 2024 жылы 4 өтінім түсіп, 2 өтінім қабылданбады.

Турист тасу үшін сыйымдылығы сегіз орыннан асатын автомобиль сатып алу шығындарын өтеу:

  • 2023 жылы – 8 туравтобусқа 50 млн теңге;
  • 2024 жылы – 6 туравтобусқа 36,2 млн теңге мақұлданды.

тау шаңғысы, автобус

Фото: Kazinform