Қытайда Абай оқулары өтті

Қытайда Абай оқулары өтті
фото: https://sputnik.kz

       Қытай астанасы Бейжіңде "Абай оқулары" өтті.

       Дәстүрлі шара ұлы ақынның туған күніне арналып отыр. Ал оған қатысушылар Абай философиясымен оның шығармалары арқылы танысты.

       ҚХР Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия және Еуропа елдері департаменті директорының орынбасары Лю Цзянпин өз сөзінде 2013 жылғы қыркүйекте Назарбаев университетінде сөз сөйлеген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Абай өлеңінің классикалық жолдарын келтіргенін еске салды. Сол кезде Қытай басшысы ғұламаның "Әлем – шексіз мұхит. Уақыт – тынымсыз жел. Алдынғы буын ағалар, артқы буын інілер. Ұрпақтардың алмасуында өмірдің барлық жалғастығы бар" деген сөзін мысалға келтірген.

       Ал Бейжіңде өткен шарада Абай өлеңдері қазақ және қытай тілдерінде оқылды. Ақынның әндері же орындады. Концертте Қытайда танымал әнші Арай Айдархан және қазақстандық эстрада әншісі, "Славян базары 2021" халықаралық байқауының гран-при иегері Рухия Байдүкенова өнер көрсетті.

       Бұдан бөлек, Абай күніне арналған мерекелік шаралар Будапештте, Бакуде, Рио-де Жанейрода және Нью-Делиде өтті.

       Үндістанда хинди тіліне аударылған Абайдың "Қара сөздері" кітабының 50 данасы жергілікті академияның кітап қорына табыс етті.

       Айта кетері, Абай Құнанбайұлының "Қара сөздері" алғаш рет 1995 жылы Үндістанда ақынның 150 жылдығын тойлау аясында "Сахитья Академимен" хинди тіліне аударылған болатын.

       https://sputnik.kz/