фото: https://pixabay.com/ru/
Астанада «Qazbiopharm» ұлттық холдингі Қытаймен бірлескен жобаларымен таныстырды.
Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп ашқан геномдық зертхана туралы мәлімет берді.
Жалпы, Қытай ғылымы қазіргі таңда адамзаттың генетикасын терең зерттеп жатыр. BGI дүнижүзінде жоғарғы орындарда тұрған компаниялардың бірі. Оның нәтижелерін көп ел мойындаған. Генетика - адамдардың денсаулығына әсер етуші фактор, сондықтан осы саланы зерттеу арқылы түрлі аурулардың алдын алуға болады. Міне, осы мақсатта елімізге лаборатория аса қажет, - деді Оспанқұлов.
Комитет төрағасының сөзінше, Қазақ-қытай бірлескен жобалары ел ғылымының дамуына септігін тигізеді.
Қытай ғылымының жеткен жетістіктері осы Қазақстанға да енгізілмек. Жалпы, Қытаймен бірлескен бірнеше жобаларымыз бар. Онда мұнай саласы мен ауыл шаруашылығы қамтылған. Енді BGI компаниясымен тағы бір жобаны бастаған отырмыз. Жоба аясында Арал маңындағы құрғаған жерлердің ылғалдығын сақтап, реагенттерді себу арқылы жасылдандыру көзделіп отыр. Бұл тәжірибе дүнижүзінде бірнеше территорияда сәтті өтті. Келесі жылы көктемнен бастап Қызылорда аумағына жасылдандыру технологиясы енгізіледі. Бүгінгі таңда жер таңдалып қойды. Әрине, Арал маңына микроағзалар мен жасыл шөптің өсуі біраз уақыт алады, - деді Оспанқұлов.
Ғабидолла Оспанқұлов бұл ғылыми жұмыс 1-2 жыл уақыт алатынын атап өтті.
Сондай-ақ «Qazbiopharm» ұлттық холдингінің басшысы Ерғали Әбдірайымов геномдық зертхана қатерлі ісік пен тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға көмектесетінін айтады.
Қазіргі таңда түрлі аурулар көбейіп кетті. Зертхананың негізігі бағыты- тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу. Мұны жүкті әйелдерге диагностика жасау арқылы анықтаймыз. Екіншіден, зертхана тік ішектің қатерлі ісігін емдеумен айналысады. BGI компаниясының құрылғылары әлемдегі ең озық технологиялар болып есептеледі. Біз құрылғылар арқылы қатерлі ісіктің белгісіз, шықпай жатқан кезінде анықтап ала аламыз. Бұл денсаулық сақтау саласы үшін және халық үшін таптырмас құрал дер едім, - деді Әбдірайымов.
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мұндай бірлескен жобалар әлі де жалғасын табатынын айтты.
Зертхана тамаша жасалған. Алдағы уақытта ғылыми жетістіктен бөлек, қарапайым халыққа да пайдасын тигізері анық. Меніңше, бірлеске жобалар екі ел үшін де маңызы зор. Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығын арттыру бағытында көптеген жоспар бар. Мысалы, зертханадағы қазақстандық Қытайға барып, біліктілігін арттыра алады. Осы тұрғыда да пайдасын көреміз, - деді Чжан Сяо.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через