Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін өндіретін зауыт іске қосылады

Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін өндіретін зауыт іске қосылады
фото: https://pixabay.com/ru/

Қостанай облысында ірімшіктің 20 түрін шығаратын зауыт іске қосылады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Мемлекет басшысы үш жыл ішінде АӨК-тегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Осы тапсырма шеңберінде өңірлерде агроөнеркәсіптік кешеннің шикізаттық бағытынан инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға көшу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қостанай облысында 2024 жылдың қараша айында "Милх" ірімшік өндіру зауыты пайдалануға беріледі.

"Жобаның құны 7,2 млрд теңгені құрайды, толық қуаты іске қосылған кезде кәсіпорын тәулігіне 250 тоннаға дейін сүт өңдеп, қатты ірімшіктердің 20-дан астам түрін өндіреді", - деп жазылған хабарламада.

Өндіріс қуаттылығы жылына 2 мың тонна ірімшікті өңдеуге мүмкіндік береді. 35 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, цехтың металл қаңқасы орнатылды, ғимараттың еденіне стяжка жасалды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Көптеген неміс өндірісінің жабдығы әкелінген.

ҚазАқпарат