Қазақстан "ең бақытты елдер" тізімінде қай орынға ілікті?

Қазақстан "ең бақытты елдер" тізімінде қай орынға ілікті?
фото: Фото: canva.com

Біріккен Ұлттар Ұйымы жылда мемлекеттер арасында арнайы сараптама жасап, "ең бақытты елді" анықтайды.

Биылғы рейтингте еліміз "бақытты елдер" қатарының елулігіне енді.

Осымен 7 жыл қатарынан бұл тізімнің көш басында Финляндия елі бірінші боп келеді. Одан кейінгі орындарда – Дания мен Исландия тұр.

Бақытты елдің бейнесі әлемнің 134 елінің әр түкпірінен кәрісі мен жасы бар 1000 адам арасында жүргізілген сауалнама арқылы анықталады. Құрамында психологтар, экономистер және әлеуметтанушылар бар арнайы топ мемлекеттердің орта жалақысы мен зейнетақысын, күнделікті тұтынатын тауар бағасы мен қызмет көрсету деңгейімен қатар, әрбір тұрғынның бас еркіндігі мен денсаулығына, көңіл-күйі мен ризалығын да жіті зерттейді екен.

Биыл Қазақстан бұл тізімде бақандай төрт сатыға төмендеп, 49-орынға табан тірепті. "Бақытты елдер" қатарынан шығып қалмай, әйтеуір, елулікке іліккенімізге де қуансақ болады. Өйткені, Еуразия кеңістігіне кеудемсоқ саясатымен ықпал етіп отырған алып держава – Ресейіңіз бұл тізімде 72-орынға ілігіп, жыл өткен сайын рейтингі төмен түсіп бара жатыр.

Қандай жағдайда да өзімізді көршілес елдермен салыстыра сынайтын әдетіміз бар ғой, ТМД төңірегіндегі мемлекеттер ахуалына көз жүгіртсек: даму жолына түскен Өзбекстан "Ең бақытты елдер" тізімінде бізден екі саты жоғарылап, рейтингтің 47-орнына табан тіреді. Ал, Қырғызстан 75-орынға жылжыса, Тәжікстан 88-орыннан төбе көрсетіпті. Соғыстың әсері мен зардабын татқан Украина 105-орында тұр. "Жабық мемлекет" саясатын ұстана бастады ма екен, бұл жолы Түркіменстан мен Белоруссия рейтингке мүлдем кірмеді.

Алғашқы үштікке енген елдер несімен бақытты?

Финляндияда орташа жалақы 2 630 еуро. Еуроодақ құрамындағы елде денсаулық, қауіпсіздік, білім беру саласы жақсы жолға қойылған. Билік пен қара халық арасында тығыз байланыс бар, яғни, әрбір тұрғынның азаматтық құқығы заңмен қорғалып, қоғам талабын үкіметі бірден қамтамасыз етеді.

Екінші орында тұрған Данияда адамдар тегін медициналық көмекті, білім беру жеңілдіктерін еркін пайдаланып, мемлекет бала күтімі бойынша шығындарды жауып береді. Одан өзге, мемлекет қоршаған орта тазалығы мен табиғатты қорғау, еңбек адамының құқығы мен отбасы құндылықтарына баса назар аударады. Елдегі орташа жалақы – 25 099 дат кроны (біздің ақшаға шаққанда, шамамен 1 700 000 теңге).

Рейтингтің үшінші сатысынан орын тепкен Исландия мемлекеті өзінің әсем табиғатымен қатар, елдегі адам құқығы мен жеке бастың қауіпсіздігі жөнінде "Ең бақытты ел". 370 мыңдай халқы бар бұл ел туризммен, балықшылықпен және энергия көздерін дамыту ісімен ілгері басуда. Исландияда орташа жалақы – 579 355 крон (2 027 742 теңге).

БҰҰ-ның "World Happiness Report" деген атпен жасалатын жыл сайынғы есебінде тек бақытты елдер ғана емес, сонымен қатар "Әлемдегі ең бақытсыз ел" тізімі де жасалады.

Биылғы бақытсыз ел аталымы бойынша көш басында Замбия мемлекеті тұр. Қазба байлыққа бай бола тұра, африкалық бұл мемлекет әбден кері кеткен ел. Экономикалық тұрғыда дамушы ел атанғанымен, Замбия халқы өздерін шын бақытсыз санайды. Әйтпесе, Forbes тізімінде Замбия бизнес жүргізуге ең қолайлы ел ретінде 7-орында тұр. Елдегі орташа жалақы 379 148 183 квача (теңгеге шаққанда, шамамен 20-22 000 теңге).

Екінші орындағы бақытсыз ел – Эсватини. Миллионнан аса тұрғыны бар ел бұрын Британия боданы болған. Елде тек корольдің сөзі ғана заң, басқа халық бір-бірін атып тастаса да, еш сұрауы жоқ. Эсватини СПИД дерті жөнінде әлемде бірінші орында. Халқының орташа табысы тәулігіне – 1 АҚШ доллары (біздің ақшаға шаққанда, айына 14 100 теңге).

Үшінші орында Африканың тағы бір өте кедей мемлекеті Малави орналасқан. Табиғи алмазға бай ел тек темекі шаруашылығымен ғана айналысады. Бұл елде жұмыссыздық деген атымен жоқ, өйткені малавиліктер бір күн жұмыс істемесе, аштан өледі. Түрлі аурудан, аштықтан, заңсыздықтан адам өлімі өте көп Малави мемлекеті халықаралық ұйымдардың берген азық-түлігімен күнелтіп отыр.

Бұдан әрі ең бақытсыз ел тізімінің соңғы 9 және 10-орнында Ливан мен Ауғанстан бар. Азиялық бұл елдер де алтын мен мұнайға бай бола тұра, ұзақ жылғы соғыстан әлі күнге есін жия алмай келе жатқан елдер.

ҚазАқпарат