фото: Richard Pelham / Stringer / Getty Images Sport / Gettyimages.ru
Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Өзбекстан құрамасы тарихи жүлделеріне қол жеткізді, деп жазды kaz.inform.kz.
Нақтырақ айтсақ, олар Париж төрінен 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, жалпы медальдар кестесінде 13-орынға қол жеткізді. Бұл – Өзбекстан құрамасының Олимпиада ойындарындағы ең үздік тарихи көрсеткіші.
Өзбекстан құрамасындағы сегіз алтынның бесеуін боксшылар жеңіп алса, қалған үшеуін дзюдо, еркін күрес және таэквондодан сынға түскен спортшылар еншіледі.
Алтынды бокстан Хасанбой Дусматов, Асадхуджа Муйдинхужаев, Лазизбек Муллажонов, Абдумалик Халоков, және аса ауыр салмақта Баходир Жалолов жеңіп алды.
Осылайша Өзбекстан боксшылары арасынан екі былғары қолғап шебері екі дүркін Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Жалолов осыған дейін Токио Олимпиадасында тағы да +92 келі салмақта топ жарған болатын. Ал Дусматов 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасында топ жарған еді.
Ал дзюдодан Диёра Келдиёрова чемпион атанса, еркін күрестен Разамбек Жамалов бас жүлдені қанжығалады. Сонымен қатар таэквондошы Улугбек Рашидов чемпион атанды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через