фото: https://pixabay.com/ru/
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде табыс тауып, оны заңсыз кәсіпкерлікке ұштастырған кәсіпкер А.-ға қатысты істі қарады.
Соттың дерегінше, кәсіпкер А., «Астана» халықаралық қаржы орталығынан цифрлық активтер саласында қаржылық қызметтер көрсетуге лицензия алмастан, цифрлық активтер айналымы бойынша қызметке тыйым салынғанын анық біле отырып, 2022 жылғы қыркүйектен бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде 615 375 063 теңгеге баламалы сомаға USDT криптовалютасын сатып алып, оны одан әрі айырбастау пунктінің айналым қызметінде пайдаланып, осылайша, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді қолма-қол ақшаға айырбастау жөніндегі заңсыз қызметті жүзеге асыра отырып, аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
«Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденді», — делінген хабарламада.
Сотта прокурор айыпты қолдап, мүлкі тәркіленіп, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алайда, сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
Қорғаушы тарап қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауды сұраған.
ҚК 214-бабы 2-бөлігінің санкциясы мүлкi тәркiленiп, 500 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Сот жас балаларының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, ҚК 50-бабының 3-бөлігі негізінде сотталушыға 5 жыл мерзімге қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды.
Сотталушыдан 615 375 063 теңге мөлшерінде заңсыз алынған табыс және мемлекет кірісіне өндірілген соманың 3% мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через