фото: https://pixabay.com/ru/
Жыл сайын елімізде адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. "Жыл сайын ішкі істер органдары адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша 150-ге жуық қылмыстық іс қозғайды. Биылғы 6 айда 137 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі тіркелді. Өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткіш – 110. Оның ішінде ҚР ҚК-нің 116-бабы (адамның ағзалары мен тiндерiн алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою) – 14, ҚР ҚК-нің 125-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Адамды қанау мақсатында ұрлау) – 5; ҚР ҚК-нің 126-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (Адамды қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру) – 4; ҚР ҚК-нің 128-бабы (Адам саудасы) – 13; ҚР ҚК-нің 134-бабы (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту) – 11; ҚР ҚК-нің 135-бабы (кәмелетке толмағандар саудасы) – 4; ҚР ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) – 6; ҚР ҚК-нің 309-бабы (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) – 80", - делінген министрліктің inbusiness.kz ресми сауалына берген жауабында.
Жыл басынан бастап жазаның әртүрлі мерзіміне 73 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"Адамдарды пайдалану фактілері басым аймақтарға келетін болсақ, бұл жасырын қылмыс болып саналады, оны анықтау қажет. Бұл адам саудасының түріне байланысты. Мысалы, егер бұл жыныстық қанау болса, онда қыздар жұмысқа қабылданады және оларды ірі қалаларда жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді, егер бұл еңбек қанауы болса, керісінше, азаматтар ауылдық жерлерге шығарылады және жұмыс істеуге мәжбүр болады. Сондықтан фактілер барлық облыста, әсіресе ірі қалаларда анықталады", - деді ІІМ.
Жаңа туған нәресте саудасы
Министрлік бала сату фактілеріне де тоқталды.
Жалпы Қылмыстық кодексте кәмелетке толмағандардың саудасы үшін жауапкершілік 135-бапта көзделген, ең жоғары жазалау шарасы – 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы. Бұл норма жаңа туған балаларға да, сауда мен қанауға ұшыраған жасөспірімдерге де жасалған әрекеттерді қамтиды.
"2023 жылы жаңа туған нәрестелерді сату фактілері бойынша барлығы 19 қылмыстық іс қозғалды. Негізгі бөлігі сотқа жетті. 17 адамға 14 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Мысалы, өткен жылы Алматы қаласында ұйымдасқан топ, оның ішінде жаңа туған балалар саудасымен айналысқан АХАЖ қызметкері түрлі жаза мерзіміне сотталды. Іс бойынша 12 жаңа туған нәрестеге қатысты сатып алу-сату және өзге де мәміле фактілері анықталды", - делінген министрліктің мәліметінде.
Ведомствоның дерегінше, биыл жаңа туған нәрестелерді сату фактілері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды. Барлығы тергеу сатысында.
ІІМ жоғарыда аталған балалар саудасының барлық дерегі ел ішінде жасалғанын жеткізді.
"Мәмілелер сомасы 100 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін жетеді. Көбінесе тәуекел тобына халықтың әлеуметтік осал топтары – туыстарымен байланысын жоғалтқан адамдар, үйсіз адамдар, толық емес, қолайсыз отбасылардан шыққан жасөспірімдер, заңсыз мигранттар және т.б. кіреді", - делінген министрліктің ресми жауабында.
Сақтықта қорлық жоқ
Адамдардың пайдалануға түсуіне ықпал ететін факторлар – ақпаратсыздық, құқықтық сауатсыздық, осал жағдай, тірі жұмыс күшінің қолжетімділігі, интернеттің әсері, жеңіл ақша табу мақсатын көздеу және т.б.
"Негізінен әйелдер мен қыздар интимдік қызмет көрсетуге мәжбүр болады, ал ер адамдар шаруа, үй шаруашылығында, жайылымдарда, қыстақтарда қанауға ұшырайды. Мысалы, соңғы бес жылда 153 әйел адам жыныстық қанаудың және 38 ер адам еңбек қанаудың құрбаны болды. Біздің отандастарымыз Бахрейн Корольдігіне, Түркияға және Оңтүстік Кореяға жыныстық қанау үшін экспортталды", - делінген редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Ішкі істер министрлігі адам саудасының құрбаны болмау үшін бірқатар сақтық шарасын білген жөн екенін ескертеді.
"Осындай құқық бұзушылықтардың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне немесе 116 16 сенім телефонына хабарлау қажет. Өз құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз. Күмәнді жұмыс ұсыныстарынан аулақ болыңыз. Бара жатқан елдегі ҚР дипломатиялық өкілдігінің байланыс деректерін нақтылап алыңыз", - дейді министрлік.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через