фото: pixabay.com
Елде не көп,тері мен қойдың жүні көп. Былай қарасаң талай дүние жасайтын шикізат рәсуа болып жатыр. Бүгінде ірі қарадан жылына 3,5 млн тері алынса, оның тек 17 пайызы ғана кәдеге жаратылады. Олар отандық зауыттарда өңдеуден өтеді немесе экспортқа жөнелтіледі, деп жазды 24kz.
Енді не істеу керек?
Мамандардың айтуынша, салаға мемлекет тарапынан қолдау қажет. Әйтпесе тері зауыттарын қайта жаңғыртып, өндіріс қарқынын күшейту мүмкін емес. Теріні кәдеге жаратып, көл-көсір пайда тауып отырған елдер баршылық. Мәселен, іргедегі Моңғолияда 35 тері зауыты бар. Халық саны 3,5 млн екенін ескерсек, 100 мың адамға 1 зауыттан келеді. Ал Қазақстанда небәрі 9 зауыт бар. Алайда бұл зауыттардың өзі толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары: - 11 млн дана тері өндірілетін болса, оның үш жарымы ірі қараныкы, 8 миллионы ұсақ малдыкы. Сол ірі қараның, үш жарым миллионның ішінде бар-жоғы 6 пайызы ғана қайта өңделеді екен. 9,8 пайызы экспортқа кетеді. Ал қалған 84 пайызының барлығы не өңделмейді, не экспортталмайды, қалып қойып отыр.
Зауыттар шикізат сапасына шағым білдіреді. Себебі, оқыра тескен немесе сойған кезде тілінген терілерді өңдеу мүмкін емес. Қазір ветеринариялық қадағалауды күшейтуге күш салынып жатыр. Сарапшылар саланың тамырына қан жүгірту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет дейді.
Фото old.frrt17.ru
Бақытжан Момбеков, "Атамекен" ҰКП өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы: - Соны өңдейтін заводтың құрал-саймандары жоқ қой. Бәрі таудай болып үйіліп жатыр. Лизинг беріңдер, үлгілі бур завод салайық деп айтып жатырмыз.
Тері зауытының құрал-жабдықтары өте қымбат тұрады дейді мамандар. Сондықтан қомақты несие алу керек. Алайда бұл несиеге екінің бірі қол жеткізе алмайды. Көбінесе кәсіпкерлерде кепілге қояр мүлік болмайды.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары: - Ол мәселені білеміз да, амалдарын ойластырып жатырмыз. Оның бір амалы, қазіргі мынау жергілікті әлеуметтік корпорациялар бар ғой, солар арқылы қаражатты алып, солардың гарантиясымен, немесе бірлескен кәсіпорындар құрып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның атына ма, сондай-сондай варианттарын ойластырып қарастырып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, өндірістік тізбекті жолға қоймай, тері өңдеу саласының келешегі бұлыңғыр. Шикізат көзі, зауыт-фабрика бір жерде шоғырлануға тиіс. Бұл логистика жағынан ұтымды, шикізат сапасын бақылауда да тиімді болмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через