Болашақта аса зиянды қалдықтар полигонға көмілмейтін болады

Болашақта  аса зиянды қалдықтар полигонға көмілмейтін болады
фото: https://almaty.tv/kz

Қазақстанда 37 жаңа қоқыс өңдеу зауыты салынатыны жөнінде көктемде үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтқан болатын.

Министрлік 45 жобаны пысықтаған.

«Оның 37-сі жаңа зауыттың құрылысы болса, 8-і жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуаттылығын арттыруды көздейді. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асады. Ал құны – 171,6 млрд тенге болады. Оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 34,3  млрд теңгені құрайды», – деді министр.

Министр жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беретінін айтады. 

«Биыл қайта іске қосылған ЭкоҚолдау бағдарламасы жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Төлемдер мамандандырылған ұйымдарға беріледі, биыл осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған»,– деді Нысанбаев. 

Сонымен бірге Экология министрі қалдықтарды сұрыптау бойынша да шаралар қолға алынғанын, айтап айтқанда, сұрыптау желілерін салу (19) және жаңғырту (2) бойынша өңірлермен 21 жоба пысықталғанын айтты. Бұлардың қуаттылығы жылына 3 млн тонна, ал құны 49,2 млрд теңгеден асады. Оған құйылатын жеке инвестициялар көлемі 10 млрд теңгені құраған.

«Жобаларды жүзеге асыру – сұрыптау желілерінің қуаттылығын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге және еліміздегі барлық өңірдегі қалалар мен ірі елдімекендерді қамтуға мүмкіндік береді»,– деді Нысанбаев.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі сол күйі толық шешімін таппай отырғанын, министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жібергенін тілге тиек етті. 

«Тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Олардың қауіптілігіне жете мән берілмейді. Аталған проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз»,– деді Үкімет басшысы. 

Осы экологиялық проблеманы шешу үшін коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті ставкамен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру тетігі ұсынылғанын айтты. 

«Енді мұны тиімді іске асыру облыстар мен қалалардың әкімдеріне байланысты. Экология министрлігі әкімдіктерді үйлестіріп, осы бағыттағы жұмысты бақылауға алуы қажет»,– деді Бектенов.

Еске сала кетсек, өткен жылдың көктемінде «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» Қазақстанның экс-премьер-министрі Әлихан Смайыловқа үндеу жолдап, қайта өңделетін шикізатты жинау және өңдеу саласын шұғыл реформалауды сұраған болатын.

Олар қайта өңделетін шикізатпен айналысатын кәсіпорындарға өнім шығаруға макулатураның, шыны, және пластмассаның жетіспейтінін мәлімдеді. Бұған 2022 жылдан бастап жүргізіліп келген EcoQolday бағдарламасының тоқтап қалуы себеп болған.

«Біз Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу саласына реформа жүргізуді сұраймыз. Зауыттарымыз шикізатпен толтырылса дейміз. Сонда ғана біз нарықта бәсекеге қабілетті болып, дайын өнімді экспорттайтын боламыз. Салық төлемдері өседі. Қоқыс реформасы осы секторда жұмыс істейтін ондаған мың адамның жұмысын заңдастыру үшін қажет. Егер шыны мен пластмассаны өңдеу жолға қойылса, әлеуметтік тауарлардың бағасын ұстап тұруға да септігін тигізеді», – дейді Қазақстан қайта өңдеушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Бұл салада үкіметтен қолдау көрмейтінін Шымкент қаласында пластик бөтелкелерді қайта өңдеумен айналысатын Елмұрат Әнуарұлы да айтқан. Үш бірдей зауыт ашқан ол пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, дайын шикізатты басқа елдерге өткізеді. 

https://kz.kursiv.media/kk