фото: Фото: canva.com
Экстракорпоралды ұрықтандырудың арқасында белсіздік пен бедеуліктен жапа шеккен отбасыларға нәресте сыйлаған "Экомед" клиникасы бүгінде заманауи құрылғылардың арқасында ұрықтарды қатырудың жапондық технологиясын қолданады.
Яғни, жапондық ғалым Масашиге Кувааманың "Криотех" гаметалар мен эмбриондарды шыныландыру (мұздату) технологиясын қолдану арқылы мұзда қатырылған аталық пен аналық ұрықтарды еріткен кезде 100 пайыз үсімей тірі қалады екен.
Алайда бүгін де өз ұрықтарын беретін донорлардың саны азайып кетті. Өйткені Қазақстанда донорлар базасы жоқ деп дабыл қаққан медицина ғылымдарының магистрі, врач, акушер гинеколог репродуктолог Амангелді Еркенұлы сұхбатын оқырмандарға да ұсынып отырмыз.
– Амангелді Еркенұлы, бізде неге донорлар аз?
– Сперма бізде жеткіліксіз. Біздің елдің менталитеті донор болуды құптамайды. Шәует өткізетін донор болуыңыз үшін денсаулығыңыз жағынан талаптар өте жоғары. Ол талаптарға ер азаматтардың көпшілігі сәйкес келе бермейді. Сондай-ақ, шәуетті өткізсең, сен ойлағандай қаржы төленбейді. Ұрық өткізіп табыс табу жағы кемшін болғандықтан, мотивация жоқ. Мотивация болмаған соң, ақша да, шәует те жоқ деген сөз.
– Сонда кез-келген ер адам шәуетін өткізсе, қанша қаржы алады?
– Егер ер адам өз ұрығын тексертсе, оның бағасы 15 мың теңге көлемінде. Ал егер донор болып, шәуіт өткізсеңіз оның құны 50 мыңнан 200 мың теңгенің аралығында төленеді.
– Сіздер бұрын экоға тапсырыс беретін отбасылар грузин, корей ұлттарының эмбриондарын көптеп сұрайды. Ондай ұлттар жоқ болып тұр деп едіңіздер. Қазір нақты қандай ұлттардың ұрықтары жетіспейді базада?
– Қазір базада барлық ұлттардың шәуеттері жеткіліксіз. Мәселен, Шымкентте қазақ пен өзбек ұлттарының ұрықтары бар. Ал Астанадағы клиникамызда орыс, қазақ, татар ұлттарының ғана спермалары жинақталған. Алматыда орыс, украин, грузин сияқты ұлттардың шәуеттері бар болғанымен, саны да , мөлшері де өте аз.
Кез келген ер адам өзіңің шәуетін тапсыру үшін алдымен урологқа келеді. Уролог оны спермаграмма көрсеткіштері бойынша жан-жақты тексереді. Дене пішіні салмағы бәрі маңызды болады. Тіпті әрбір ұрықты инфекциялық аурулар бар ма, жоқ па деп алты ай бойы тексереміз. Карантинге жабамыз. Алты айдан кейін барып, тексерілген, таза ұрық тапсырыс берушілерге жөнелтіледі.
– Қазақстанда бір донордың ұрығы қанша әйелге салынады ?
– Қазақстанда донорлардың сауалнамада аты-жөні, салмағы, бойы, көзінің түсі, қанының тобы және психологиялық портреті ғана жазылады. Қазақ болса, ол ер азаматтың жүзі, руы көрсетіледі. Биоәртүрлілікті сақтау үшін бір донордың ұрығы 10 баланың тууына ғана пайдаланылады. Денсаулық министрлігінің бұйрығына сай ол биоматериалды одан артық пайдалануға болмайды.
– Аталық пен аналық ұрық 100 жылға дейін сақталады деген едіңіздер . Суықта қатып тұрған ұрықтарыңыздың сақталып тұрғанына қанша уақыт болды?
– Бізде ең жақсы сақталған эмбрионға жақында 30 жыл болды. Америкада 1990 жылы ерлі зайыптылар эко бағдарламасын жасаған. Екі эмбрион алған. Біреуін салып туып алды да , араға 24 салып, екіншісін туып алды. Көзіңізге елестетіп көріңізші екеуі де бір күнде алынған эмбрион. Біреуі 34 жасқа келді баласы. Екіншісі енді туылды. Сонда арасында отыз бәлембай жыл болса да бала болуға жарап кетті әлгі эмбрион.
– Сіздер балаларды клондап көрдіңіздер ме?
– Біз әлі балаларды клондап көрмедік. Біздің елде ол жоқ.
– Ал сурогатты аналар саны неге соңғы уақытта азайып кетті?
– Сурагатты аналар да бізде жеткіліксіз. Көп адамдар оған келісе бермейді. Көп қыздардың , келіншектердің туыстары, күйеулері рұхсат бере бермейді. Нәзік жандардың көпшілігі жүктілік кезінде асқынулардан қорқады. Босану кезінде жатырын алып тастау сияқты қауіпті жағдайлар туындаудан қорқады. Сурогаттық аналарға қойылатын талап та күшейді. Жасы 35-ке дейін болуы керек. Бұрын-соңды босанған жан болуы тиіс. Ол талапқа келетін нәзік жандар аз.
Тағы мәселе қаржы проблемасына келіп тіреледі. Сурогатты аналар сыйақыны өте жоғары сұрайды. Олар бес миллион теңгеден артық сұрайды. Алайда оны жұптар тауып бере алмайды. Оған қоса эконың бағасы да арзан емес. 7-8 млн теңгенің шығыны шығып кетеді. Көбі ол қаржыны еңсере алмайды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через