фото: https://pixabay.com/ru/
Эколог Пәкизат Сайлаубекованың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 5-6 миллион тонна қалдық шығады.
2024 жылғы 8 сәуірде Қазақстанның барлық қаласында "Таза Қазақстан" атты акция басталып, өңірлерде бұқаралық сенбіліктер өткізіліп жатыр. Бір айдан астам уақыт ішінде науқанды ұйымдастырушылар әр аптаға өзінше атау беріп отырды: "Таза өлке", "Киелі мекен", "Жасыл аймақ", "Өнегелі ұрпақ" және "Мөлдір бұлақ". Науқан барысында ондаған мың тонна қоқыс жиналды.
Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде аталған акцияға қатысқан жүздеген мың адамға алғыс айтып, ризашылық білдірді. Сондай-ақ, ол тазалықтың қадірін біліп, еңбек адамын құрметтеуге шақырды.
Осы орайда эколог, экобелсенді және ихтиолог Пәкизат Сайлаубекова тұрақты түрде өтетін науқандармен қатар қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастырудың маңызы туралы айтып берді.
Қоқыстарды қайта өңдеуге не кедергі?
Қазақстанда қалдықтарды жинау мен оларды қайта өңдеудің жаңа стандарты бекітілді. Ол 2024 жылғы 1 шілдеде жүзеге асып бастайды. Аталған құжатта қалдықтарды контейнерлік алаңдарда сұрыптау маңыздылығы туралы айтылды. Іс жүзінде мұны жүзеге асыру оңай емес. Экологтардың айтуынша, Қазақстандағы қоқыс мәселесін ішінара шешуге жекелеген азаматтардың бастамасы ғана көмектеседі.
2Gis қызметінің мәліметінше, Қазақстанның ең ірі қаласында мыңнан астам қоқыс жинайтын орындар бар. Әдетте, олар қалдықтардың белгілі бір түрін ғана қабылдайды. Алматы қаласында да азаматтар қоқыстың барлық түрін қайта өңдеу үшін әкеле алатын осындай мақсаттағы үш эко пункт бар. Бұл жұмыстарды экологиялық сенбіліктерді ұйымдастырып, қалдықтарды шығару мен сұрыптаумен айналысатын "Экосен" компаниясы реттеп отыр. 2021 жылы компания қалдықтарды өңдеу зауыттарына әрі қарай жөнелту үшін қайталама шикізатты сұрыптау және жинақтау үшін жеке полигонын құрған.
KazWaste Қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының сайтында қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын бес ұйымның тізімі берілген. Олар автомобиль шиналарын, мұнай шламын (мұнай өндірісінің қалдықтары) өңдейді және қайта өңделген материалдардан геосинтетикалық тоқыма емес материалдар мен қайта өңделген пластик шығарады.
2023 жылы Қазақстанның қоқыс өңдеушілер қауымдастығы сол кездегі премьер-министрге қалдықтарды жинау және қайта өңдеу саласын реформалау туралы ұсыныстарын айтқан болатын. Қауымдастықтың сайтында атап өтілгендей, республикада 100 мың тонна пластиктің 3,5 мың тоннасы ғана қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға түсіріледі немесе Ресей мен Өзбекстанға жөнелтіледі. Шикізат тапшылығына байланысты зауыттар толық өндірістік қуатында жұмыс істей алмайды, өйткені қалдықтарды сұрыптау және өндірушілерге жеткізу ұйымдастырылмаған.
"Алматыда күн сайын қоқыс сұрыптау кешеніне 1200 тоннаға жуық қалдық келеді. Олардың едәуір бөлігі сығымдалып, полигонға көміліп, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіріп жатыр. Ал егер дұрыс сұрыпталса, қоқыс өңдейтін зауыттарды жұмыспен қамтамасыз етіп, Қазақстандағы таза емес қаланың экологиялық жүктемесін азайта алар еді", – деді Recycle Birge белсенділері.
Қоқыс сұрыптау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?
Шағын жеке бастамалар да қалдықтарды қайта өңдеуді қолдайды. Алматыдағы Helloeco дүкенінде қайта өңделген пластиктен жасалған салпыншақ сатып алуға болады. Оған қажетті шикізат қала ішіндегі тау беткейлерінен жиналған. Кәдесый шамамен 3500 теңге тұрады.
Эколог, экобелсенді және ихтиолог Пәкизат Сайлаубекова республика көлемінде өтетін акциялармен қатар қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастырудың аса маңызды екенін айтады. Осы орайда ол үй мен жұмыста қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін не істеу керегін айтты.
"Қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастырудағы басты ереже – құрғақ және дымқыл қоқысты бір-біріне араластырмау. Көптеген дамыған мемлекеттерде қоқыс тастайтын контейнерлер бірнеше түске боялған. Бізде әзірге сары және жасыл түсті контейнерлер бар. Біріншісіне – құрғақ, екіншісіне дымқыл қалдықтарды саламыз. Алдымен бұл жұмысты макалатураны сұрыптаудан, оны өткізетін жер іздеуден бастауға болады. Оны 2gis.kz, recycle.kz сайттарынан, Google, Яндекс іздеу жүйелерінен қарауға болады. Мұнымен қатар, "Жасыл даму" сайтынан барлық қоқыс өңдейтін орындардың тізімін табуға болады. Ecosen мобильді қосымшасында да 6 қалада қоқыс өткізуге болатын орындарды көруге болады", – деп түсіндірді экобелсенді.
Қоқыспен бірге жыл сайын 60 миллиард теңге жерге көміледі
Пәкизат Сайлаубекованың айтуынша, жыл сайын Қазақстанда 5-6 миллион тонна қалдық шығады. Осы қалдықтардың ішінде қайта өңдеуге болатын заттардың болатыны сөзсіз. Алайда, қоқысты бөліп жинау мәдениеті қалыптаспағандықтан, оның бәрі еш сұрыпталмастан, тікелей полигонға жөнелтіледі.
"Азаматтардың өзі соларды сұрыптап, тиісті жерге өткізу арқылы ақша алатын еді. Қазір қоқыспен бірге жыл сайын 60 миллиард теңге жерге көміліп жатыр", – деп қосты Пәкизат Сайлаубекова.
https://informburo.kz/kaz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через