Борттағы жаппай төбелес: ұшақ шұғыл түрде қонды

Борттағы жаппай төбелес: ұшақ шұғыл түрде қонды
фото: https://pixabay.com/ru/

Ryanair әуекомпаниясының Агадирден Лондонға шыққан рейсі Марракешке шұғыл қонуға мәжбүр болды. Мәселе мынада, жолаушылар орынға таласып, ұшақтың бортында жаппай төбелес басталған, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Independent мәліметіне сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, жанжал төрт сағаттық рейске ұшып шыққаннан соң 36 минуттан кейін басталған. Оның үстіне, жанжал жоқ жерден туындаған: ер адам қызының қасында отырған жолаушыдан орын ауыстыруды өтінген. Ол әйелі мен жаңа туған нәрестесіне жақын отырғысы келгені айтылады. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартқан. Бұл ер адамның ашуын тудырды. Әрі қарай, әйелдің жұбайы араша түсіп, оны қорқытуға немесе оған ұрсуға құқығы жоқ екенін айтқан.

"Бұл тозақтан шыққан рейстей болды. Олар бір-бірін ұруға тырысты. Отбасының бірі басқа да адамдармен бір топта ұшып бара жатыр екен, сондықтан оған басқа жолаушылар да қосылды", - дейді куәгерлер.

Басқа жолаушылар да әйелді жақтаған. Сөйтіп, тоғыз адамның арасында төбелес шығып, оны жолаушылар да, стюардессалар да тоқтата алмаған. Борттағы шиеленіс күшейгендіктен ұшқыштар ұшақты шұғыл түрде Марракеш аэродромына қондырып, тәртіп бұзушыларды түсіруді ұйғарған.

Қону кезінде төбелеске қатысқан тоғыз адамды жергілікті полиция ұстады. Сонымен қатар, жанжалға қатысы жоқ жолаушылардың біріне медициналық көмек қажет болған. Сараптамадан кейін оған ұшуға болмайтыны белгілі болды, бірақ ер адам рейстен түсуден бас тартып, экипажды балағаттаған. Сондықтан ол да полицейлердің көмегімен ұшақтан шығарылды.

Оқиғаға байланысты рейс бір түнге кешігіп, 200 жолаушы әуежайда түнеген. Олар келесі күні кешке ғана ұшып кете алды.

ҚазАқпарат