фото: Жаухар» қоғамдық қоры ұйымдастырған «BookVibe» кітап көрмесі
Еліміздің мәдени орталығы саналатын әсем қала Алматыда тағы да кітап сүйер қауымға арналған айтулы шара болып өтті. Айта кетейік мұндай жиындар оңтүстік астана оқырмандарына жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолғы кітап оқырмандары үшін өткен шара 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Жаухар» қоғамдық қоры ұйымдастырған «BookVibe» кітап көрмесі аталды. Шара барысында саябақта, табиғат аясында кітап баспалары жәрмеңкесі мен белгілі кітап авторларымен кездесулер ұйымдастырылды. Қала тұрғындары үшін бұл әдебиет әлеміне еніп, өткен және қазіргі заманның белгілі жазушылары мен шығармаларының авторларымен кездесуге тамаша мүмкіндік болды.
Бұл кітап мерекесі елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде аталып өтетін ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келді. Осыған орай «BookVibe» көрмесі ұлттық аспабымыздың сүйемелдеуіндегі әсем күймен ашылып, мәдени мұрамызды насихаттап жүрген домбырашылар жәрмеңкенің соңына дейін әртүрлі композияциялар ойнап, іс-шараға куә болған баспа өкілдеріне, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер, көңіл-күй сыйлады.
«BookVibe» көрмесі барысында Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін әдебиет әлеміне саяхаттауға, белгілі авторлармен кездесуге тамаша мүмкіндік жасалды. Іс-шара аясында кітап алмасу алаңы да ұйымдастырылды.
Шара барысында халықтың ықыласына бөленген айтыскер ақын Сырым Әуезхан жиын қонақтары мен барша жастардың назарын өзіне аудара отырып, ұйымдастырылған іс-шараның маңызын түсіндіріп, домбырамен ән шашу арнады.
Шілденің шіліңгір ыстық ауа-райына қарамастан, кітап шарасы алматылықтардың жүрегіне жол тапты. Кітап сүйер қауымға белгілі жазушылар мен баспа өкілдерінің әдемі де, әсерлі әңгімелері жақсы көңіл-күй сыйлады. Жазушы, кинодраматург, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Елубай Смағұл осы жоба жайлы оң көзқарасын білдірді.«Ситуативный казахский» атты үш томдық өздігінен оқу құралының авторы Қанат Тасибеков, «Новая современник» Жазушылар одағының және Алматы әдебиет үйінің мүшесі,«Жылдың үздік ғылыми фантастикасы және детективі» номинациясы бойынша Қазақстанның бірінші «Алтын қалам» сыйлығының иегері Людмила Лазарева, дәрігер, жазушы және «Одна чёрно-белая любовь и четыре цветные революции», «В ожидании Кайроса» кітабынының авторы, меценат сыйлығының финалисті Кемен Байжарасова, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің проза номинациясы бойынша гран-при жүлдегері, «Жұмбақ кітап», «Ажалды қуған жігіт», «Ұлы адам» шығармаларының авторы Мақсат Мәлік, IQ-arna қоғамдық қорының жетекшісі Айгерим Агылтаева және Kitap fest жобасының координаторы Ақтоты Абдикахарова өздерінің кітаптары мен шығармашылық идеяларымен бөлісті. Жәрмеңкеге Қуаныш Шонбай, Сырым Ауезхан және т. б. сияқты шоу-бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шараның модераторы ретінде белгілі жазушы және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бекнұр Қисықов авторлар мен оқырмандар арасындағы қызықты және танымдық қарым-қатынас атмосферасын орнатып, кітап оқудың әр адам өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
Бұл жолғы көрмеге 20-дан астам баспаның кітап өнімдері ұсынылды. (Ordagen, AmalBooks, Зият, Отбасы хрестоматиясы, Мазмұндама баспалары және де еліміздегі іргелі баспа ұйымдары). Сонымен қатар көрме барысында кітап алмасу алаңы және сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, онда әрбір келуші өзіне қызықты, сүйікті кітабын тауып қана қоймай, оны басқа оқу әуесқойларымен алмастыра алуға мүмкіндік туды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның мақсаты «BookVibe» жобасының бірегей мүмкіндіктерін көрсету, жас оқырмандарды кітап оқуға көбірек тарту, оқырмандар мен авторлар арасында алтын көпір болу, байланыс орнату. Ұйымдастырушылардың атуынша «BookVibe» көрмесі әлі де жалғасын табатын болады.
«BookVibe» кітап сүйер қауымның басын біріктіріп қана қоймай, кітап авторларына да тың, жаңа идеялар туындауына шабыт беретіні сөзсіз. Бұл шара Алматының мәдени өмірін дамытудағы маңызды бастама болды. Көркем әдебиеттің, кітап оқу мәдениетінің қоғам өміріндегі маңыздылығын көрсетіп, жастардың интелектуалды дамуына ықпал еткен қадам болды.
Бұл игі жоба биыл да өз оқырмандарына қуаныш сыйлады. Алаң жанында арнайы шатырлар тұрғызылып, танымал кітаптар жеңілдікпен сатылды. Кітап фестивалі кітапқұмар оқырмандардың бір-бірімен жақын араласып ой-пікірлерін бір арнадан тоғыстыруына мүмкіндік берді. Шараның тағы бір ерекшелігі кез-келген оқырман арнайы тақтайшаға өзінің сүйікті кітабы жайлы жазып, өзгелерге де оқуға ұсына алды.
«Көрменің басты мақсаты балалар мен жастар арасында кітап оқу үрдісін насихаттап, адамдарды техника мен ғаламтор жайлаған заманда кітаптан бас тартпауға шақыру. Алматылық кітап мерекесінің басты ерекшелігі – заман ағымы қаншалықты алға басса да кітап оқу дәстүрі артта қалмайтынын ескеріп, кітаптан нәр алу әрдайым рухани азық екенін жеткізу» дейді ұйымдастырушылар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через