Корея қазақстандық талапкерлерді білім алуға шақырады

Корея қазақстандық талапкерлерді білім алуға шақырады
фото: pixabay.com

Оңтүстік Корея қазақстандық талапкерлерді жоғарғы оқу орындарында білім алуға шақырады. Бұл туралы Оңтүстік Корея шетелдік студенттер әкімшілері қауымдастығының бас директоры Чон Бон Гу Сеулде өткен симпозиумда мәлім етті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жиында Корея республикасы мен Орталық Азия елдерінің осы саладағы ынтымақтастығы талқыланды. Мәселен, таңғы шық елінде бала туудың төмендеуінен жоғары оқу орындарында студенттер саны азайған. Жергілікті билік осы себепті шетелдіктерді оқу орындарына көптеп қабылдауды көздеп отыр. 

Қазір бұл елде Орталық Азия елдерінің ішінде өзбек студенттер көп. Олардың саны 10 мыңға жуықтайды. Ал Қазақстаннан 1 мың 255 жас білім алып жүр.  

Әсел Бөлекбаева, ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің бөлім бастығы: - Бізде жыл сайын 500 қазақстандық ғалым әлемнің үздік ғылыми орталықтары мен университеттеріне жіберіледі. Сондықтан Оңтүстік Кореяның да жетекші институттары мен университеттері ғалымдарымыздың тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға белсенді қатысса дейміз. Осы ретте қаржыландыру толығымен қазақстандық тараптың есебінен жүзеге асырылатынын айта кеткіміз келеді.  

Чон Бон Гу, Оңтүстік Кореядағы шетелдік студенттер әкімшілері қауымдастығының бас директоры: - Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігі шетелден келген үздік түлектерге Кореяда тұру ыхтиярхатын беретін жүйені дайындап жатыр. Осыған байланысты қазақстандық студенттер де біздің жоғарғы оқу орындарында білім алу жағын қарастырса дейміз. ТМД елдерінің студенттері Кореяда еш кедергісіз оқи алады. Ең бастысы үміткер кәріс немесе ағылшын тілін жоғары деңгейде білуі қажет.