Әлем басшылары қандай тікұшақ мінеді?

Әлем басшылары қандай тікұшақ мінеді?
фото: https://pixabay.com/ru/

Иран Президенті Ибрахим Раиси 19 мамыр күні тікұшақ апатынан қайтыс болды. Апаттың мән-жайы әлі күнге дейін тергеліп жатыр, кейбір шетелдік сарапшылар "әуе кемесі ескірген, техникалық жағы сын көтермейді" деген ойларын білдіріп жатыр. 

Алайда авиациялық сарапшы Абыл Кекілбаевтың айтуынша, тікұшақтың сапасы шыққан уақытымен есептелмейді, мемлекет басшыларының әуе кемелері жіті бақыланады, сондықтан техникалық олқылық болуы мүмкін емес.

Ибрахим Раисидің нендей жағдайда қайтыс болғанына қатысты түрлі болжамдар айтылып, сараптамалар жарияланып жатыр.

Дегенмен ресми дерекке сенер болсақ, Иран Қарулы күштерінің Бас штабы сырттан ешқандай әсер болмағанын, ауа райына байланысты тікұшақ қонуға мәжбүр болып, тау шатқалында қолайсыз жағдайда қонғандықтан апатқа ұшырағанын айтады. Басында ирандықтар Раиси ресейлік Ми-171-мен ұшты деген ақпарат таратты, кейіннен оның Bell Helicopter Textron америкалық компаниясының Bell 212 тікұшағымен ұшқаны белгілі болды.

Кейбір сарапшылар АҚШ-тың Қарулы күштерінің өзі осы тікұшақты ескіргеніне байланысты резервтен алып тастағанын алға тартып, Раисидің қаза болуына техникалық жағдай себеп болғанын айтады.

"Кез келген елде мемлекет басшысының қауіпсіздігіне аса мән беріледі, тікұшақтар сапасы, техникалық жағдайы мен экипаждың дайындығында мін болмауы керек, сондықтан әр сапардың алдында арнайы талаптар бойынша барлығы жіті тексеріледі. Сосын тікұшақтың сапасы оның шыққан мерзіміне байланысты емес, сондықтан Раисидің ұшағы ескіргеніне байланысты жарамсыз болуы мүмкін емес, оның техникалық жағдайы нашар болса, ол әуеге мүлдем көтерілмейтін еді. Сонымен қатар, басында Иран президентінің қандай тікұшақта ұшқаны нақты айтылмауының өзі – жоғары қауіпсіздік шараларының нышаны, өйткені ел басшылыраның сапарға нендей әуе көлігімен, қандай жолмен, қайда ұшатыны – әрдайым құпия ақпарат", – деп түсіндірді сарапшы.

Сондықтан Абыл Кекілбаев Раиси мінген тікұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты апатқа ұшырағаны туралы алдын ала ресми ақпаратты ақылға қонымды деп санайды.

"Иран президентінің өліміне сыртқы күштердің әсер болмады дегенді түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Өйткені кейінгі кездері Украинадағы соғыс, Газадағы Изараиль-Палестина қақтығыстарының ушығуына байланысты спутниктерге әсер ету құбылыстары жиі тіркеледі. GPS-сигналдарын ауыстыру екінің бірінің қолынан келе бермейді, оны жүзеге асыра алатын елдер саусақпен санарлық. Оған қоса мұндай әрекет өте қауіпті, бір ғана әуе кемесінің траекториясына әсер етемін деп, жанындағы барлық техниканы істен шығаруға болады. Сондықтан әдейі ме не кездейсоқтықтан ба, Раисидің тікұшағына белгілі бір сыртқы күштер әсер етуі мүмкін, алайда бұл болжам ғана. Шындықтың бетін ашу үшін, арнайы комиссияның шешімін күтуіміз керек", – деді сарапшы.

Біздің Президент қандай тікұшақпен ұшады?

Осы орайда біз Қазақстан басшысының тікұшақтарына қатысты сұрақ қойдық, олар қаншалықты қауіпсіз?

"Президенттің мінетін ұшақтарының нақты санын білсем де, мұндай ақпаратпен бөлісе алмаймын, оның қауіпсіздігіне қатысты барлық деректер – құпия. Алайда кейбір тікұшақтары жайлы бұған дейін айтылған. Президент бірнеше тікұшақтарды пайдаланады, соның ішінде біз білетіні – Airbus Helicopters компаниясының Eurocopter EC225 тікұшағы мен ресейлік Ми 8/17 тікұшақтар желісінің Ми172 вертолеты", – деді сарапшы.

Eurocopter EC225 тікұшағын құрастыру жұмыстары 1998 жылы басталған, алғаш рет 2000 жылы әуеге көтерілді. Тікұшақтың ең ірі пайдаланушысы – канадалық CHC helicopter компаниясы. Тікұшақ негізінен мұнайшыларды Норвегия, Австралия мен Ұлыбританиядағы теңіздегі бұрғылау платформаларына тасымалдау үшін қолданыла бастады. Бірқатар елдерде тікұшақты әуе күштері, Әскери-теңіз күштері және құтқару қызметтері пайдаланады.

2016 жылы Норвегияда EC225 апатынан кейін тікұшақтың қауіпсіздігіне сын айтылып, кейбір операторлар тікұшақты пайдаланудан бас тарта бастаған.

МИ-172 тікұшағы – бұл жолаушыларды тасымалдауға арналған жолаушылар модификациясы. Арнайы VIP модификациялары да бар. Жақсартылған МИ-172 Honeywell EDZ-756 электронды көрсеткіш жүйесі, Primus II радионавигациясы мен радиобайланысының интеграцияланған жүйесі, VG14/DG14 бұрыштық позицияны өлшеу жүйесі мен P700 түрлі-түсті ауа-райы радиолокаторы және FAR-29 сәйкес DFZ-706 стандартты жеткізіліміндегі басқару жүйесімен жабдықталған.

Әлем басшылары қандай тікұшақты таңдайды?

"Ми-8" ұшақтарын бір ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбайды, Ресей Президенті Владимир Путин мен Беларусь Президенті Александр Лукашенко да осы тікұшақтармен ұшады. Бұл ұшақтардың орташа құны шамамен 8,2 млн доллар тұрады.

Ал АҚШ-та тікұшақтарды президенттік көлік ретінде пайдалану 1957 жылы Дуайт Эйзенхауэрдің "H-13-пен" ұшуынан басталды. 1958 жылы президенттік тікұшақ лауазымы "H-34-ке", ал 1961 жылы "VH-3A-ға" ауысқан. 1976 жылға дейін президент үшін тікұшақ көлігі "Army One" айырым белгісін пайдаланды. АҚШ-тың қазіргі президенті "VH-3D" тікұшағын пайдаланады. Бұл ұшақтың орташа құны шамамен 6,4 млн доллар тұрады.

Украина Президенті Владимир Зеленский – "Leonardo AW139" тікұшағымен ұшады. Құны шамамен – 17 млн доллар. Украина президенті әкімшілігінде "Ми-8" тікұшағы да бар.

Неміс канцлері Олаф Щолц – "Eurocopter Super Puma 332" компаниясы шығарған "Super Puma 332" тікұшағымен ұшады. Құны – 15 млн доллар.

Ұлыбритания монархтары – "VIP S-76C + +"тікұшақтарымен ұшады. Болжамды құны – 7,9 млн доллар. Ұлыбритания Үкіметін тасымалдауға – "Agusta A.109" тікұшағы қолданылса, Корольді тасымалдауға – "Sikorsky S-76 Spirit" тікұшағы қолданылады.

Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов – "AgustaWestland AW-101" тікұшағын пайдаланады.

Франция басшылығы – "Eurocopter" компаниясы шығарған "Super Puma 332"тікұшағын пайдаланады.

Болгария басшылығын тасымалдауға – "Ми-8" және "AW109" тікұшақтары қолданылады.

Бразилия билігінің өкілдерін тасымалдау үшін – "AS 332" "Супер пума" (Airbus Helicopters H215) тікұшағы пайдаланылады. Құны – 15,5 млн доллар.

Рим Папасы – "Sikorsky S-61 Sea King" тікұшағымен ұшады.

ҚазАқпарат