фото: © Photo : Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Ономастикалық комиссияның оң шешімінен соң әскери бөлімде қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Жетісу облысы әкімдігінің, Әуе қорғанысы күштері қолбасшылығының, әскери қызметшілер мен қарулы күштер ардагерлерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
Әскери бөлімнің аумағында Сергей Луганскийдің бюсті ашылды. Оның ашылу салтанатына қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров және Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов және парламент депутаттары қатысты. Олар батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
"Ұлы Отан соғысы жылдарында бес жүзден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Оның ішінде Леонид Беда, Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский және Иван Павлов Батыр атағын екі мәрте алды. Қарулы күштердің жеке құрамы Мемлекет басшысының ержүрек ұшқыштың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қуана қабылдады. Бүгін біз Талдықорған авиабазасына Сергей Луганскийдің есімін беріп отырмыз", - деді Жақсылықов.
Қорғаныс ведомствосының басшысы президент армияның жоғары жауынгерлік дайындығын қолдау және мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіндегі жетістіктеріне жоғары баға бергенін атап өтті. Қорғаныс министрі бөлімнің жеке құрамы батырдың есімін лайықты алып жүретініне сенім білдірді.
Іс-шаралар аясында С. Луганскийдің өмірі мен ерлігі туралы фильм көрсетіліп, фотосурет және кітап көрмелері ұйымдастырылды. Қарулы күштер шығармашылық ұжымдарының күшімен концерттік бағдарлама дайындалды.
Луганский – аты аңызға айналған қазақстандық ұшқыш. II дүниежүзілік соғыс кезінде 270-ші жойғыш авиация полкінің эскадрилья командирі болған. Оған дейін 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына да қатысты.
Танымал ұшқыш 390 рет аспанға көтеріліп, жаудың 37 ұшағын атып түсірген. Эскадрилья басшысы ретінде көптеген ірі әуе шайқастарына қатысты. Мәселен, Днепрді алар кезде кеңес әскеріне аспаннан қолдау жасады.
Айта кетері, II дүниежүзілік соғысқа қатысқан төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды. Олардың ішінде Сергей Луганский де бар.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через