фото: © Sputnik / Арман Асқар
Үкіметтің соңғы мәліметіне сәйкес, республика бойынша су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы қираған баспанасының орнына басқа үй мен пәтер алды. Бұдан бөлек, бірнеше облыста 600-ден астам жаңа үй салынып жатыр. Барлық баспананың құрылысы екі айдың ішінде аяқталуы қажет.
Салынатын үйлер бірдей болмайды
Қазіргі кезде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр. Барлық баспананы бірыңғай жобамен көтереді. Әрбір облыстың дайын жобалары бір-біріне ұқсайды, дегенмен үйлердің дизайны, бөлмелердің саны және құрылысқа қолданылатын материалдар жағынан айырмашылық бар.
Ақтөбе облысында бес бірдей ауданда жаңа коттедждердің құрылысы басталды. Олар - Темір, Қобда, Әйтеке би, Ойыл мен Мұғалжар. Ырғыз ауданында да су тасқынынан зардап шеккендер жаңа баспанаға кіреді.
Қобда ауданында салынып жатқан үйлерге қарағанда құрылысшылар үлгілік жобадан ауытқып жатқан жоқ. Қабырғалар газоблоктан, ал оның сырты силикат пен қызыл кірпішпен қапталады. Коттедждердің ауданы – 80-100 шаршы метр. Әрбір үйде бес бөлме болады.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында "Солнечный-2" шағын ауданында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. "Қазақстан халқына" қорынан бөлінген 2,7 миллиард теңгеге 100 коттедж бой көтереді. Ол үйлерді де газоблоктан көтеріп жатыр. Сыртында жылытқыш, бірақ кірпіш болмайтын секілді. Үстінен сылақпен өтіп, бояп қояды. Әрбір үйдің ауданы – 80 шаршы метр.
Қостанай мен Батыс Қазақстанда қалай?
Қостанай облысында "Қазақстан халқына" қорының есебінен 68 үй салынады. Оған су тасқынынан зардап шеккен Амангелді мен Жангелді аудандарының тұрғындары кіреді. Әр үйдің құрылысына 29,5 млн теңге бөлініп отыр.
Қазіргі кезде үш бөлмелі коттедждердің құрылысы басталып кетті.
Облыста салынып жатқан коттедждерді толығымен қызыл кірпішпен қаптап береді.
Ал Арқалықта су тасқынынан зардап шеккендерге заманауи 50 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Үш бөлмелі пәтерлердің ауданы 70-80 шаршы метр болады. Бес қабатты үйдің құрылысы күздің басында аяқталады.
Батыс Қазақстан облысында 456 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Атап айтқанда, Қаратөбеде – 90, Сырымда – 114, Теректіде – 116, Бәйтеректе - 9, ал Бөрліде 127 үй. Қазіргі кезде жаңа тұрғын үйлердің жер учаскелері анықталды. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Екі облыста 6 үй салынады
Павлодар облысында тәуелсіз комиссияның шешімі бойынша 5 үй жарамсыз деп танылды. Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында жаңа үйлердің құрылысы жылдам жүріп жатыр. Құрылысшылар төбені жабуға кірісті.
Әрбір үйдің ауданы – 70 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары 1 шілдеде аяқталады деген жоспар бар.
Ал Қарағанды облысындағы Шет ауданында барлығы 60 үй су астында қалды. Комиссия алты үйді апатты деп тапты. Бес отбасы бюджет есебінен үй сатып алды. Деріпсал бөлімшесінде сатылатын үй табылмады. Сол себепті су тасқынынан зардап шеккен отбасыға жаңа үй салып беруге шешім қабылданды. Оның ауданы 75 шаршы метр болады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через