фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@vlada-karpovich/
Бұл бастама еліміздің бірнеше өңірін қыспаққа алған тасқынға байланысты көтеріліп отыр.
Биыл су тасқыны салдарынан 13 мыңға жуық баспана суда қалып қойған. Сәйкесінше, табиғи апат салдарын жою мемлекет қазынасына әжептәуір салмақ салғалы отыр.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай сақтандыру жүйесін жетілдіріп, тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігін қарастыратын арнайы ведомствоаралық комиссия құруды ұсынды.
"Біріншіден, елімізде сақтандыру жүйесін жетілдіру және тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігі бойынша халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құруды қарастыру керек. Екіншіден, отандық сақтандыру компаниялардың төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу керек", – деді ҚР Парламенті Сенатының Депутаты Бибігүл Жексенбай.
Сенатордың айтуынша, шығынды өтеудің басқа амалдарын қарастыру уақыт талабы. Соңғы 20 жылда табиғи апаттардың саны екі есеге өскен. Ал, Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері секілді апат қаупі жоғары аумаққа жатады.
Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, өзге елдерде мұндай аймақтарда арнайы сақтандыру қорлары, мемекеттік бағдарламалар, міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді. Алайда, біздегі жағдай өзгеше. Отандық сақтандыру жүйесі дамымаған, сондықтан шығын да өте сирек өтеледі. Сәйкесінше, барлық ауыртпалық жергілікті атқарушы орган мен үкіметке түседі.
https://informburo.kz/kaz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через