фото: https://pixabay.com/ru/
35 жасқа дейінгі 1,3 млн қазақстандық жеке баспанаға мұқтаж. "Астана жастары" ресурстық орталығында жастармен кездесу барысында Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова осылай деді.
Осы уақытқа дейін қанша жас үйлі болды?
Өткен жылы Отбасы банк 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті. Оларға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 414 млрд теңге сомасына заем берілген. Негізінен жас қазақстандықтар бір немесе екі бөлмелі пәтер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің орташа құны 19,7 млн теңгеге тең.
1,3 млн жас баспанаға мұқтаж
Банк статистикасы бойынша 18-35 жас аралығындағы 1,3 млн қазақстандық баспанаға мұқтаж.
Бұл мәселе, әсіресе, өңірлер мен моноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі - Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады.
Жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар
Жастарды қолдау және отбасының ішкі көші-қонын азайту үшін банк қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосты.
Ол бірінші рет Алматыда 2017 жылы басталды. Сол кезде "Алматы жастары" бағдарламасы аясында алғашқы 100 қатысушы қоныс тойын атап өтті. Содан кейін жобаға Астана және басқа да облыстар қосылды. Жастар бағдарламасының арқасында соңғы 7 жылдың ішінде бүкіл ел бойынша 5400 жас қазақстандық қоныс тойын атап өтуге мүмкіндік алды. Отбасы банк жобаны іске асыруға 22,5 млрд теңге, жергілікті әкімдіктер 75,4 млрд теңге бөлді. Жалпы есептегенде жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының бюджеті 98 млрд теңгені құрады.
Қазір жастар бағдарламалары Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында жұмыс істеп тұр.
Шарттары қандай?
Бағдарламаға Қазақстанның 35 жасқа дейінгі кез келген азаматы қатыса алады. Егер біз отбасы туралы айтатын болсақ, онда ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Өтінім беру кезіндегі ресми жұмыс өтілі аймаққа байланысты 6 айдан 12 айға дейін болуы керек. Сонымен қатар соңғы 5 жыл ішінде адамның меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
Банк сатып алынатын тұрғын үй құнын шектемейді, жоғарғы шек тек қарыз сомасына ғана белгіленеді. Аймаққа байланысты ол 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ауытқиды. Егер таңдалған баспана қымбаттырақ болса, онда бағдарлама қатысушысы қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өз есебінен төлейді.
Жастар бағдарламасы бойынша бастапқы жарна - 10%, ал пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5%-дан (ЖТСМ - 5,2%-дан бастап) басталады. Ипотеканың максималды мерзімі - 19 жылға дейін.
Сондай-ақ жас қазақстандықтар тұрғын үйлерді бағдарламадан тыс, нарықтық шарттармен сатып алу үшін Отбасы банкіндегі депозиттеріне белсенді түрде қаражат жинайды. Банк салымшыларының 30%-дан астамы – 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Олардың ең үнемшілдері Алматы, Астана және Шымкентте тұрады.
Биылғы жылы Отбасы банк Қазақстандық жастарды қолдау жөніндегі жобаларды іске асыруын жалғастырады.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін банк облыс әкімдіктеріне жыл сайын және тұрақты түрде аудан орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өңірлік бюджетке қаражат бөлуді алдын ала қарастыруды ұсынады.
"Корпоративтік" өнім бағдарламасы кімге арналған
Бюджеттен әлеуметтік жүктемені азайтып, өңірлерде жұмыс істейтін жастарды ұстап қалу үшін Отбасы банк ірі кәсіпорындарға жыл сайын "Корпоративтік" өнім шеңберінде ынтымақтастық мүмкіндігін ұсынады.
Статистикаға сүйенсек, еліміздің моноқалаларында штаттық қызметкерлер саны 230 мыңнан асатын, олардың қатарында 35 жасқа дейінгі жастары бар 47 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
«Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы
Бұл бағдарлама жұмыс істейтін жастарға ғана беріледі. Баспана сатып алу құқығынсыз 3 жыл мерзімге жалға беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысы 5 000-15 000 теңге аралығында болады.
Бағдарламаға қатысу шарттары төмендегідей:
- 35 жасқа толмаған (34 жасқа дейін қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы;
- аяқталған орта / орта-арнайы / жоғары / жоғары оқу орнынан кейінгі білім және ресми жұмысқа орналасу;
- өтініш берушінің Астана қаласында өтінім бергенге дейін соңғы 3 (үш) жылдан кем емес тұрақты тіркеуі болуы;
- Астана қаласында өтініш берушінің отбасы мүшелерін (жұбайы/және балалары болған жағдайда) тұрақты тіркеу;
- өтініш берушіде және отбасының барлық мүшесінде Қазақстан Республикасы бойынша меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сондай-ақ өтінім берген кезде соңғы 5 (бес) жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;
- төлем қабілеттілігін растау (өтініш берушінің соңғы 6 айдағы ай сайынғы табысы кемінде 40 АЕК).
Балдарды есептеу балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады:
1) нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білім беру мекемелерінде кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл;
2) отбасы болған жағдайда – 5 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
4) кемінде 1 жыл жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) Өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке еңбек жетістіктері болған жағдайда – 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда) еңбек қызметі үшін – 5 балл, еңбек өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
7) өтініш берушінің екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарында (депозиттерінде) жинақтаған әрбір жыл үшін және шотында кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш қалдық болған жағдайда – 2 балл.
Бұл ретте балдар тең болған жағдайда өтініш берген күннен бұрын өтініш берген және жасы үлкен өтініш берушілер басымдыққа ие болады.
Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған балдар және өтініш берушінің балаларының саны (бар болса) негізінде жүзеге асырылады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады:
- жалға берілетін тұрғын үйдің 60% - некеде тұрған өтініш берушілерге;
- жалға берілетін тұрғын үйдің 40% - некеде тұрмаған өтініш берушілерге
Бағдарлама бойынша 2019 жылдан бастап жалпы саны 2 450 пәтер берілді, онда 6 мыңнан астам адам тұрады. 2023 жылы тағы 770 пәтерге өтінім қабылданды.
9-20-25 бағдарламасы қашан іске қосылады?
Былтырғы жылдың соңында жастарға арналған жаңа бағдарлама іске қосылады деген қуанышты хабар тарады. Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, бағдарлама наурызда іске қосылады.
Жас қазақстандықтар мен олардың отбасыларын қолдау мақсатында қосымша "9-20" бағдарламасын әзірледік. Оны наурыз айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйдің қолжетімділігін бағалау кезінде қазір жастар үшін қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінен гөрі бастапқы жарнаның мөлшері маңыздырақ. Ең бастысы, бұл жас отбасы өміріндегі алғашқы, бірлескен меншік, бірігіп алған ортақ жылжымайтын мүлік болады, - деді ол.
Baq.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через