200 астаналық жас маман "Elorda Zhastary" бағдарламасы бойынша пәтерлі болды

200 астаналық жас маман "Elorda Zhastary" бағдарламасы бойынша пәтерлі болды

       5 % мөлшерлемемен кімдер тұрғын үй ала алады?

        2021 жылы қазан айында  Нұр-Сұлтан қаласында "Elorda Zhastary" тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау жүргізілген еді. Баспаналы болсам деп бүр жарған жастардың тілегі орындалып, 200 жас маманға тұрғын үй займы берілді. . 

       “Elorda Zhastary” тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтер алғандардың бірі – Мөлдір Ақылбаева. Қалалық емханада медбике болып жұмыс істейтін ол отбасымен бірге жаңа жылды жаңа үйде қарсы алған. Бағдарлама басталғанда Мөлдір  алғашқылардың бірі болып үй алуға өтініш білдірген. 

       "Өтініш қабылдау 14 қазан күні басталды, мен сол күні құжаттарды тапсырдым. Араға уақыт салып, 3 желтоқсан күні маған баспана алуға рұқсат беру туралы хабарлама келді. Мұны білген соң банкке барып, құжаттарымды тапсырдым. Банк өтінішімді 3 күн бойы қарап, баспана алуға рұқсат берді. Кейіннен қаладан үй тауып, әне-міне дегенше 2 бөлмелі пәтердің иесі атандым. Өз басым бағдарламаға қатысқанда еш қиындық көрмедім. Менің ойымша, әрбір отбасыға өз шаңырағының болуы маңызды. Сондықтан жастарға осындай мүмкіндіктерден қапы қалмаңыздар деп айтар едім”, – деген үш баланың анасы бұрын қолданыста болған үйді сатып алғанын сөз етті. 

       Тағы бір астаналық “Elorda Zhastary” туралы әріптесінен естігенін тілге тиек етті. Бұған дейін еліміздің бас қаласында пәтер жалдап тұрып келген ол бірқатар кеңестерін айтты. 

       "Әріптесім тұрғын үй бағдарламасына өзі қатысқанын айтып, маған да қатысуға кеңес берді. Бағдарлама 14 қазан күні басталыпты, көп ойланбастан мен де ертесінде өтініш білдірдім. Араға 2 ай салып, тәуелсіздік мейрамына орай бағдарламаға өткенім туралы қуанышты хабар келді. Құжаттарымды өткізіп, 30 күннің ішінде пәтерді тауып, рәсімдедім. Өзім БАҚ саласында жұмыс істеймін. Отбасым, 4 балам бар. Бойдақ кезімде, үйленген соң да әр жерде пәтер жалдап, баспана тауқыметін көргенмін. Жалпы 2004 жылдан бері елордада пәтер жалдап тұрып келемін. Міне, бүгін неше жылғы баспаналы болу арманымыз орындалды. Бастысы банктегі депозитте тұрақты түрде салым жасап тұрыңыз, сонымен қатар жұмыс өтілі мен отбасының болуы да рөл атқарады", –  деп ағынан жарылды Елеу Газдрубал.

       Айта кетсек, былтыр басталған “Elorda Zhastary” бағдарламасына 1179 азаматтан өтініш келіп түсіпті. Іріктеу нәтижесінде 200 жас маманға тұрғын үй займын беру туралы шешім шығарылған.

       “Бүгін ерекше күн, баршаңызды баспаналы болуларыңызбен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын. Elorda Zhastary тұрғын үй бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Бағдарламаға қатысу шарттарын білесіздер. Сіздерге банк филиалының басшысы ретінде алдағы уақытта тағы да басқа тұрғын үй бағдарламасына қатысып, бұдан үлкен үй алуға тілектеспін", – деді "Отбасы банк" орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай. 

       Жастарды үймен қамтуға бағытталған бұл бағдарламаға елорда әкімдігі мен “Отбасы банк” тарапынан 3,6 млрд теңге бөлінген. 

       "Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 29 жасқа дейін 225 мың азамат тұрады. Ал 35 жасқа дейінгі жастарға келсек, олардың саны 400 мыңға дейін жетеді. Демек, елорда – жастардың қаласы. Осы орайда өткен жылы қала әкімі Алтай Көлгіновтің  тапсырмасымен елорда жастары тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп, бекітілді. Бағдарламаны бастамас бұрын елорда жастарының басты мәселелеріне талдау жасалды. Осы орайда “Отбасы банкіне” серіктестік үшін алғыс білдіреміз", – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Қайрат Қамбаров. 

       Айта кетсек, "Elorda Zhastary" кәсібі бар жастардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жеңілдетілген несие түрі – елорда әкімдігі мен Отбасы банкінің ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жемісті жобасы. 

       Бағдарламаның негізгі мақсаты – елорда жастарын, онымен қоса, астанада мансабын дамытуды шешкен, шет жақтан көшіп келген жастарды жан-жақты қолдау.

       Бұл – табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған бағдарлама. Басты талап – жоба бойынша қарыз алушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс. 

       Бағдарлама кімдерге арналған?

  • Жас мұғалімдерге;

  • Дәрігерлерге;

  • Журналистерге;

  • Мәдениет саласының қызметкерлеріне;

  • Спортшыларға;

  • Әлеуметтік қызметкерлерге;

  • Коммуналдық қызмет қызметкерлеріне;

  • Полиция департаменті қызметкерлеріне;

  • ТЖҚ қызметкерлеріне;

  • Жетім балаларға.

       Енді бұл санаттағы азаматтар "Elorda Zhastary" арқылы жеке тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие ала алады.

       “Отбасы банк” басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова "Elorda Zhastary" бағдарламасының астанада сұранысқа ие болатынына сенім білдірді. Оны Алматы қаласында іске асып келе жатқан "Алматы Жастары" бағдарламасы мысалынан көруге болады, – дейді ол.

       “Elorda Zhastary" табысы жоғары емес жастарға тұрғын үй мәселесін шешуге арналған. Біз олардың “Отбасы банкінде” ынтамен ақша жинап жатқандарын және де пәтер алуға дайын екенін білеміз, бірақ олардың қаражаты мен мүмкіндіктері жеткіліксіз. Ал жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылса, олар биыл жаппай қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алады. Оның дәлелі ретінде Алматы қаласын келтіруге болады, бұл қалада осыған ұқсас бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Оның көмегімен қазірдің өзінде 2000 алматылық тұрғын үй мәселесін шешті”, – деп түсіндірді “Отбасы банк” басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.

       Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

       Несие ала алатын азаматтар тізімін жергілікті атқарушы билік жасайды.

       “Elorda Zhastary” бағдарламасына өтініш қабылдау белігілі уақыт аралығында өткізіледі. Мәселен өткен жылы астаналық жастардың өітінштері 14-21 қазан аралығында qatysu.zhilfond.kz сайты арқылы қабылданған. 

       Құжаттарды тапсыру толықтай автоматтандырылған. Тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет, оны онлайн режимде немесе жақын орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады.

       Бағдарлама шарттары:

  • Алғашқы жарна – 10%;

  • Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге;

  • Максималды мерзімі – 25 жылға дейін;

  • Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 % (ЖТСМ 5,2%-ға дейін);

  • Алғашқы немесе екінші нарықтан тұрғын үй алу мүмкіндігі.

       Сондай-ақ "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдемесімен үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй сатып алуға болады. 

       Пул құрылғаннан кейін оның қатысушылары Отбасы банкінен несие алуға жолдама алады. Банк бағдарлама қатысушысының төлем қабілеттілігін тексеріп, жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие береді.

       Үміткерлер қалай анықталады?

       Қатысушылар өтінімді қабылдау мерзімі аяқталған соң іріктеледі. Үміткерлер пулы балдық жүйе бойынша қалыптасады.

       Балл көлеміне еңбек өтілі мен өтініш берушінің (ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе олардың балаларының) 1,2,3 мүгедектік тобына жататын-жатпайтыны ескеріледі.

       Бағдарлама қатысушыларына қойылатын талаптар: 

       Жоғарыда атап өткеніміздей, басты талап – өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35-тен (қоса алғанда) аспауы тиіс. Ал жұбайының жас ерекшелігі маңызды емес. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алатынын ескеру қажет. Осы ретте қатысушының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 1 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында үздіксіз тұрақты тіркеуі болуы қажет. Сондай-ақ ресми жұмыс тәжірибесі кем дегенде бір жыл болуы тиіс. Ол Нұр-Сұлтан қаласында таңдалған саласы бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл зейнетақы шотының үзінді көшірмесімен расталады.

       Сонымен қатар бағдарламаның әрбір қатысушысы үшін сатып алатын баспана құнының 10% мөлшеріндегі алғашқы жарнаны құю үшін “Отбасы банкіндегі” депозитті пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ал егер азамат бұған дейін банктің қызметіне жүгінбеген болса, онда ол жаңадан депозит ашып, алғашқы жарнаны сонда аудара алады.

       Бағдарламаға қатысушы мен отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде ҚР аумағында сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйі немесе меншік құқығында тұрғын үйі болмауы қажет.

       Отбасының жан басына шаққандағы соңғы 6 айдағы табыс 6 ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 205 812 теңгеден аспауы тиіс (зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті жарналарды қоспағанда).

       Stan.kz