фото: www.gov.kz
Осы жылдың 19-27 қарашасы аралығында «Expo» Халықаралық көрме орталығында республикалық WorldSkills-2023 чемпионаты өтеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық кеңесінде белгілі болды.
«Talap» КеАҚ президенті Шолпан Өтелбаева атап өткендей, чемпионатқа республиканың 20 өңірінен 545 қатысушы, 520 сарапшы қатысады. Мақсаты - жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру, үздік тәжірибелер мен кәсіби стандарттарды енгізу, техникалық және кәсіптік білім жүйесінде сараптамалық қоғамдастықты дамыту болып табылады.
«Чемпионат 7 бағыт және 30 құзыреттілік бойынша өтеді. WorldSkills чемпионатында ашықтықты қамтамасыз ету үшін сарапшыларды іріктеу және бағалау жұмыстары автоматтандырылған. Ұлттық оператормен алғаш рет осы жылы WorldSkills стандарттары бойынша 400 өңірлік сарапшылар оқытылып, сарапшыларға ашықтық пен сапаны қамтамасыз ету үшін қажетті процедураларды, оның ішінде критериалды бағалаудың мәнін түсінуге мүмкіндік берілді», - деп атап өтті Шолпан Өтелбаева.
Республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздар Францияның Лион қаласында 2024 жылы 10-15 қыркүйек аралығында өтетін WorldSkills халықаралық чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл қыркүйек айында Польшада өткен EuroSkills Gdańsk жарысында Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, екі медаль мен төрт «Үздік медальон» иеленген болатын.
Аппараттық кеңес отырысын қорытындылай келе, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік білім басқармаларының басшылары мен «Talap» КеАҚ-на чемпионатқа қатысушылардың дайындығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және басқа да қажетті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через