15 қарашада "Медеу" мұз айдыны ашылады

15 қарашада "Медеу" мұз айдыны ашылады
фото: Rom Chek / shutterstock.com

"Медеу" спорт кешенінің әкімшілігі мұз айдынының ашылуына қатысты мәлімдеме жасады.

"Медеу" мұз айдынында жаңа сырғанау маусымы 2023 жылғы 15 қараша күні ашылады.

"Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін 15 қарашада сағат 10:00-ден бастап "Медеу" мұз айдынында көпшілік коньки тебе алады, ал маусымның ашылу салтанаты сағат 13:30-де басталады.  Мұз айдынының ашылу бағдарламасында коньки тебушілер мұз айдынында өнер көрсетеді, флешмоб өтеді, ұтыс ойындары ойнатылады, әртістер өнер көрсетеді, сондай-ақ кешеннің ең белсенді қонақтарына сыйлықтар беріледі" - деп хабарлады "Медеу" спорт кешенінің баспасөз қызметі.

Мұз айдыны әкімшілігі қазір нысанда дайындық жұмыстары аяқталып, мұз құйылып жатқанын мәлімдеді.

Медеу спорт кешені — жасанды мұз айдыны бар дүние жүзіндегі ең ірі спорт кешені. Алматы қаласынан 18 км жерде, Кіші Алматы шатқалында, теңіз деңгейінен 1691,2 м биікте орналасқан.

Табиғи мұз айдыны ретінде 1951 ж. пайдаланыла бастады. Медеу спорт кешені 1972 ж. тұрғызылды.