Жанармай бағасын қолдан ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз

Жанармай бағасын қолдан ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз

Standard.kz порталының тілшісі GSB UIB Бизнесті талдау орталығының сарапшысы, белгілі экономист Мақсат Халықпен мұнай өнімдерінің бағасына қатысты ой өрбітті.
 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында мұнай өнімдерінің бағасына уақытша мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізуді тапсырған еді. Шектеу мерзімі аяқталған соң сұйық отын бағасы өзгеруі мүмкін бе?

Сөз жоқ, баға өседі. Себебі, әлемде мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Бағаны ұстап тұру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Бұл экономика заңына  да қайшы. Естеріңізде болар, қаңтар айында Ақтау тұрғындары газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендету туралы талап қойды. Осыдан кейін Президент әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді. Соның арқасында жағдай реттелді.  Енді болашақта үкімет жергілікті халықпен коммуникациялық жұмыстар жүргізу керек. Менің ойымша, билік отынның шынайы бағасы мынадай деп ашық айту керек. Баға өсетін болса, оған қандай себеп барын түсіндіруі керек.  Энергетика министрінің көмекшісі бағаны түсірмейміз, ұнамаса қоғамдық көлікпен жүріңдер деп айтты. Бұл дұрыс емес. Билікте жүрген азаматтың мұндай мәлімдеме жасауы орынсыз. Сол кезде халық газдың бағасы 50 теңге болсын деп талап қойып еді, үкімет сол деңгейде бекітті. Іс жүзінде өнімнің бағасы бұдан анағұрлық қымбат. Сондықтан тараптар келісе отырып, екі жаққа да тиімді бағаны мақұлдауы керек еді деп ойлаймын. Себебі, осы саладағы компаниялар шығынға батады. Кәсіпорын басшылары тығырықтан шығу үшін жұмысшылар санын қысқартуға мәжбүр болады.  Жергілікті тұрғындар табыс көзінен айырылса, әлеуметтік жағдай  ушығуы ықтимал. Мен «баға өссін, халықтың ұстанымы дұрыс емес» деп отырғаным жоқ. Шын мәнінде бағаны осы уақытқа дейін олигополистер реттеп келді. Нарықта үстемдік ететін санаулы сатушылар арасында өзара келесімнің болғаны анықталды. Қазір олардың қылмыстық әрекеті әшкереленіп, өздері жазаға тартылып жатыр. Мұндай шараларды қолдаймын, өйткені халық кімнің кінәлі екенін білуі тиіс. Үкіметтің басты міндеті  - азаматтармен коммуникациялық процесті дұрыс жолға қою.   

Жанармай бағасына келсек, қазір АИ-92 маркалы бинзин 182, АИ-95   215 теңгеге сатылып жатыр. Жазда баға өзгеруі мүмкін бе?

Бензин бағасы айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын. Бұл жерде де аса шектеу болмағаны дұрыс. Президент баға аса шарықтап кетпесін деп осындай шешім қабылдаған болар деп ойлаймын. Осы баға әлі де болса, бірақ уақыт өзгеріссіз тұра алатын секілді. Энергетика министрлігінің мәлімдемесіне сүйенсек, егер баға төмен болса, отандық өнім көрші нарықтарға кетіп, өз нарығымызда тапшылық туын­дайды. Жоғары бол­са, профицит туындап, қойма­ларға бензин толып, бұл мұнай өң­деу зауыттарындағы қайта өң­деу көлемінің азаюына алып ке­леді. Баға қолдан төмен­де­тіл­се, онда мұның игілігін қа­зақ­стан­дықтар ғана емес, шекаралас облыстардағы көрші елдер азаматтары да көріп кетеді. Екіншіден, мұнай өнімдері «көлеңкелі» жолмен экспорттала бастайды. Үшіншіден, мұ­най-газ саласының тұрақты дамуы­на үлкен қауіп төнеді. Сондықтан нақты шешімді жан-жақты ойластырып барып шешкен жөн.

Жанармай баға­сы­ның қымбаттауы тауар, тариф және түрлі қызмет ақысының өсуі­не де әсер етіп, нәтижесінде қа­ра­пайым тұтынушының қалта­сы­на салмақ түсіреді. Бағаны тұрақтандырудың қандай амалдары бар? Зауыт пен жанармай бекетіне дейінгі аралықтағы жолдан қосылған делдалды шеттетіп, қолайлы бағаны белгілеуге бола ма?

Біріншіден, үкімет сұйық отын олигополистік нарыққа айналғанын, баға өзара келісім арқылы нақтыланғанын анықтады. Енді соларға қарсы күрес жүргізіп, монополиялық бағаның белгіленуіне шектеу қоя алады. Егер тым өсіп кетсе, себебін сұрай алады. Мұнан бөлек, қымбатшылықты, тапшылықты қолдан ұйымдастырып отырған арада жүрген делдарды ығыстыра алады. Былтыр дизель отынынына қатысты орын алған жағдай есіңізде ме? Нарықтағы алпауыттар қара аспанды төндірді. Жанар-жағармай бекеттеріне дер кезінде отын жеткізілмеді. Соның салдарынан шаруалар күздегі  жиын-терім уақытында қиындыққа тап болды. Өнімді сақтап қалу үшін отынды қымбат бағаға сатуып алуларына тура келді. Нәтижесінде жеп-шөптің, еттің  бағасы өсіп кетті.

Екіншіден, үкімет инфрақұрылымды жасақтап, нарықта бәселекелестік ортаның қалыптасуына, жаңа ойыншылардың пайда болуына ықпал ете алады. Әділ бәсеке орнаса, сұраныс пен ұсыныс заңдарына сәйкес баға өзі реттеледі.

Біздің министрлер бензин бағасының өзге елдермен салыстырғанда арзан екенін ара-тұра айтып қалады. Дәл осы мәселеде Қазақстанды өзге мемлекеттермен салыстырған дұрыс па?

Дұрыс емес. Жалпы бізде жанармай бағасы арзан. Әлемнің басқа мемлекеттерінде шамамен мың теңге тұрады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда сұйық отын бағасы арзан деуге болады. Егер халықтың табысына қарай есептесек, жағдай өзгеше өрбиді. Өткен наурыз айында Ұлттық статистика бюросы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 275  мың теңгеге жетті деп мәлімдеді. Бірақ өкінішке қарай, бұл біздің әлеуметтік көрсеткішіміз емес.  Мысалы Еуропа елдерінде орташа айлық, халықтың алатын орташа жалақы көлеміне жақын. Ал біздегі орташа айлық, арифметикалық есеп бойынша алынған. Отандастарымыздың біреуі бір миллион, өзгесі тоқсан мың теңге алады. Содан келіп орташа 275 мың теңге жалақы шығады. Әлемде бұл үрдіс медианалық жалақы арқылы есептеледі. Біз де осы өлшемге жүгінсек, орташа жалақы 140 мың болып шығады. Енді айырмасына көз жүгіртіңіз, 275 мыңға қанша бензин, ал 140 мың теңгеге қанша жанармай құйдырасыз. Осы тұрғыдан алып қарасақ, онда табысы төмен, көп отын сатып ала алмайтын елдер қатарын толықтырамыз. Бұл мәселені шешу үшін халықтың табысын арттыру керек деп ойлаймын. Нақты табыс 7% артты деген ақпаратты оқыдым, бірақ инфляция 15% деңгейіне дейін көтерілді. Сондықтан жалақының өскені аса байқалмайды.

Жақында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов халық табысын арттыру бағдарламасымен таныстырды. Бекітілген осы құжаттың арқасында азаматтардың әл-ауқаты арттып, табыс тапшылығы жойылады деп үміттенеміз. Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.