ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР

ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР

   ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Дүниежүзілік жазушылар күніне орай, қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – М.О. Әуезовтың 125 жылдық,                           Ғ.М. Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің 120 жылдық, Д.Әбілев пен Ғ.Ормановтың                  115 жылдық, Ә.Шәріповтың 110 жылдық және Ә.Нұршайықов пен С.Шаймерденовтің 100 жылдық мерейтойлары қарсаңында ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ әдебиеті қанатын кеңге жайып, терең де кемел туындыларға қол жеткізді.

   Бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуына қазақтың тұңғыш эпопеясын жазып,  көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, әдебиетке көркемдік қуат әкелген үздік туынды - «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар ұлттық прозаның елеулі жетістіктері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар –  Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» (1945), «Оянған өлке» (1953) тарихи романы, Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» (1948) повесті, «Қарағанды» (1952) романы, Д.Әбілевтің драматургия саласындағы «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954) және т.б. туындыларының орны ерекше. Майдангер қаламгерлер – Ғ.Ормановтың «Көтерме» деген атпен жарияланған әңгімелер мен очерктерінің жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» (1961)  романы, көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен Ә.Нұршайықовтың  «Ма­хаб­бат, қызық мол жылдар», «Ақи­қат пен аңыз» шығармалары, сондай-ақ  кі­таптары оқырман қауым мен сыншы­лар­дан жоғары бағасын алған С.Шаймерденовтің «Инеш» (1958)  романын  қалың оқырманның іздеп жүріп оқығаны баршаға мәлім. Олардың шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық сияқты тақырыптар көтерілді. Әдеби шығармашылықтары елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрбіді.

    Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі көрмелердің  көктемдік маусымын ашуға арқау болған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне  әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың қазақ және араб әрпімен жазылған қолжазбалары, өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бюст, афиша, плакаттар мен иллюстрациялар қойылады. Көрме аясында ғылым, мәдениет және өнер мекемелермен мәдениетті дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау мақсатында  ортақ жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін өзара ынтамақтастық аясында   меморандум жасалады.    

      Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер мен  ЖОО студенттері қатысады.