Талантты спортшылар неліктен құрамаға өте алмай қалады?

Талантты спортшылар неліктен құрамаға өте алмай қалады?

       Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова талантты қазақстандықтардың не себепті спорт құрамаларына кіре алмайтынын түсіндірді.

       Ақтоты Райымқұлова талантты баланың балалар мен жасөспірімдер спортынан бастап Ұлттық құрамаға дейін жетуі жолында спортшыларды даярлау жүйесі жетілдіруді талап ететінін айтты.

       "Біздің құрама Олимпиада ойындарында өнер көрсеткеннен кейін көптеген сұрақ туындап отыр. Қазірге дейін спортшыларды даярлау жүйесі жолға қойылған, алайда ол жетілдіруді талап етеді. Спортшылар резервін құру бойынша да сұрақтар бар. Бұл бес кезеңнен тұратын бағдарлама", - деді министр.

       Оның айтуынша, жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар құрама штатына өтуі қажет.

       "Бірақ 1994 жылдан бері бар-жоғы мың орын бөлінетіндіктен өте алмайды. Ол кезде спорттың тек 60 түрі болды. Ол кезде бұл жеткілікті еді. Ал қазір бұл жеткіліксіз болғандықтан, дарынды спортшылар құрама штатына кіре алмайды. Біз мұны заңнамалық түрде 3 мыңға дейін ұлғайту міндетін қойдық", - деді Райымқұлова.

       Оның айтуынша, дарынды баланың спорт жолын талантты жаттықтырушымен бірге бастау бойынша жетілдіру жобасы да ұсынылған. Сол арқылы спортшы өзін сенімді сезінеді, тіпті университетте оқуын жалғастыра алады. Жетістікке жетсе, ол ҰБТ тапсырудан босатылады. Сондай-ақ ұлттық команда штатында болады.

 Ақпарат дереккөзі