фото: 24kz
Қытайда пандемия кезінде тоқыраған туризм саласын дамыту үшін «Бір белдеу – бір жол» жобасына ерекше мән беріліп отыр.
Қазір мемлекет көне Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі шаһарларды жаңғыртып, инфрақұрылым мен көлік қатынасын дамытып жатыр. Тіпті шекарасын да ашып тастады. Жүйелі іс-шаралардың арқасында елге туристер ағыла бастады.
Ұлы Жібек жолы. Қаншама шөл мен көлді, тау мен асуды, даланы басып өтеді. Тек бір ғана Қытай ішілік бөлігінде ұшақпен бірнеше сағат ұшасың. Осыншама мыңдаған шақырым жолды бұрынғының көпестері мен саудагерлері түйе мен атқа мініп қалай еңсерген? Елестету қиын.
Міне әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов жасырынып жүріп зерттеген Қашқар шаһары осы. Этнограф сол сапарында шашын алып, үстіне шапан киіп, көпес ретінде сауда керуенімен жасырынып кірген. Мүмкін осы көшелермен жүрген де шығар. Қазір Қытай елі бұл нысанға ерекше көңіл бөліп отыр. Өлке қазір халықаралық деңгейде туристік нысанға айналған.
Қашқар - әлемдегі ең танымал сауда орталығы. 2 200 жылдық тарихы бар көне шаһар. Ұлы Жібек жолының транзиттік нүктесі. Халық саны 4,5 миллионнан асады. 90 пайыздан астамы ұйғыр ұлтының өкілдері. Қаланың ескі аудандарын аралаған кезде көне дәуірге түскендей күйде боласың.
Мынау мен тұрған үйдің 300 жылдық тарихы бар. Тарихи ақпарат көздеріне сенсек, бұл жерде сол заманның бай көпесі тұрған. Мынау арнайы қыш ыдыстарды сақтайтын бөлмесі, мынау шәйхана. Ол көпестің ерекше қасиеті келген қонақтарға тақия сыйға тартатын болған. Міне сол үшін арнайы тақия сақтайтын қойма жасап қойған.
Қашқар 2010 жылы ерекше экономикалық аймақ болып бекітілген. Көне бөлігін ел үкіметі біршама жаңғыртып, туристік нысан ретінде сыртын қоршап берді. Алайда шаһарда күні бүгінге дейін адамдар өмір сүріп жатыр. Қабырғаның ішкі бөлігінде 40 мыңнан астам халық тұрады. Қыш ыдыстар, темір, ағаш, былғары сияқты бірнеше базар бар. Тұрмыс-салт бұйымдары, оқа-әшекейлер, музыкалық аспаптар бәрін табуға болады. Тұрғындар туризм мен саудаға әбден машықтанған. Қолөнер шеберлері, қыш құмыра, зергерлік сияқты өнер түрлері әлі күнге дейін сақталған.
Мәмет Ясын темір ұстасы. Ол 40 жылдан бері темірден түйін түйеді. Бұл оның бабаларынан мирас болып келе жатқан кәсібі. Базардың қақ ортасында гүрілдетіп көрік басып, темір соғып тұр. Сұранысқа қарай туристерге қызмет көрсетіп, керегін тапсырыспен әзірлеп береді.
Келген меймандарға күніне екі мәрте қақпаны ашу рәсімі ұйымдастырылады. Қойылым қойып, ұлттық би билеп, салт-дәстүрлерімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, туристерді қызықтырады. Қазір шекара ашылып, саяхатшылар ағыла бастады. Биыл жыл басынан бері тек ішкі туристердің саны 315 миллионнан асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 119 пайызға көп. Ал түскен табыс 3,5 миллиард АҚШ долларына жеткен. Одан бөлек, Америка, Еуропа елдері көрші қырғыз, қазақ, Өзбекстан, Пәкістаннан келіп жатқандар бар.
Туризм аз уақыт ішінде мол қаражат әкелетін әлемдегі ең тиімді индустрия. Қытай мемлекеті оны дамытуға күш салып жатыр. Өмірі шекарасын өзге мемлекетке ашпаған ел біртіндеп қақпасын аша бастады. Оған түрткі осы сала мен сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынас.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через