Өзбек футболы қалай дамып жатыр?

Өзбек футболы қалай дамып жатыр?

       Өзбекстанда тәуелсіздік жылдары 8 футбол стадионы салынды. Мемлекеттің түкпір-түкпірінде аяқдоп мектептері ашылды. Бұған еуропалық «Реал Мадрид», «Ювентус» секілді футбол клубтарының арнайы академиялары да қосылды. Бірақ орындалмай келе жатқан ең басты мақсат бар. Өзбекстанның футбол құрамасы әлемдік додаларда әлі бақ сынаған емес. Бұған не себеп?

       Өзбектің футболы дегенде ең алдымен Ташкенттің «Пахтакор» клубы ойға оралады. Ол кеңестік республикалар одағының чемпионаты арқылы танымал болған ұжым. Әсіресе, алматылық «Қайраттың» жанкүйерлеріне жақсы таныс. Бұл екі клубтың арасындағы кездесулер Орталық Азияның басты дербиіне айналған деседі.

      Қазір сол Пахтакор дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Клубты өркендетуге өзбектің белгілі бизнесмендері атсалысып жатыр. Тіпті, келешекте жаңа стадион салып беруге уәде еткен. «Қайрат» пен «Пахтакор» арасындағы тартысты дербидің өтпегеніне 30 жылдан астам уақыт болды. Бұл екі ұжымның жолы 1990 жылдан бері түйіспеген. Қазақстандық команда UEFA шеңберіндегі жарыстарға, ал өзбекстандық клуб Азия құрлығындағы бәсекелерге қатысады. Ұлттық құрамалар да жиі жолыға бермейді. Дегенмен, жасыл алаңнан тыс бәсекелестік бар. Өзбекстан осы уақыт аралығында 8 бірдей стадион салды, заманауи инфрақұрылым қалыптастырды. Ең үлкені Ташкенттегі осы кешен. 35 мың жанкүйер сияды.

        Нарзулла Сайдуллаев, спорт журналисі:

       – Футбол стадиондарын салу мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаға енді. Президенттің осы бағытта арнайы қарары қабылданды. 2010 жылдан бері бүгінге дейін 3 стадион салынды. Тағы бірнешеуі күрделі жөндеуден өтті. Ал ескі алаңдарда футбол ойнауға тыйым салынды. Клубтар осы талапқа бағынып, қолданыстағы инфрақұрылымын жаңартты. Өзбекстан футбол лигасы да кәсіпқой клубтарға заманауи стадион салуды міндеттейді. Тек инвестор есебінен. Мемлекет қаржысын жұмсауға жол бермейді. Жалпы, елде қазына қаражатының кәсіби футболға бағытталуы сирек жағдай. Тағы бір талап – әрбір командада балалар академиясы болуы тиіс. Онсыз командалар чемпионатқа қатыспайды.

       Зохиржон Акрамханов, Өзбекстан кәсіби футбол лигасы лицензиялау бөлімінің басшысы:

       – Өзбекстанның кәсіби футбол клубтарына ішкі біріншілікке қатысу талабында команда жанынан балалар мен жасөспірімдер мектебін ашу міндеті анық көрсетілген. Қазір ең жоғары лигада өнер көрсететін және екінші деңгейлі чемпионатта ойнайтын командаларда осындай академия бар. Олардың бәрі жекеменшік. Мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Енгізілген өзгерістер өзбек футболын дамытуға сеп. Жергілікті клубтар қазірдің өзінде Азия жарыстарында үздіктер қатарынан көрініп жүр. Ал аяқдоп шеберлері Еуропаның азулы командаларында ойнайды. Бірақ ұлттық құрама ойыншыларының әлем біріншілігіне қатысу арманы әлі күнге орындалмай келеді. Олар биыл да Қатарда өтетін әлем чемпионатынан сырт қалды. «Бұл жолы сәтсіздіктен гөрі, шеберлік жетіспеді», - деді мамандар.

        Нарзулла Сайдуллаев, спорт журналисі:

       – Азия құрлығында біздің құрама 12-ші орында тұр. Кейінгі жылдары көрсеткішіміз нашарлап барады. Бірақ 2026 жылы әлем біріншілігіне баруымыз мүмкін. Ол кезде Азия аймағынан мундиальге қатысатын командалар саны артады. Сол додаға қатысу мүмкіндігіміз жоғары. Қазір ұлттық құрамамыздың бас бапкері ауысты. Тәжірибелі, мықты маман келді.

       Жалпы, тәуелсіздік жылдары Өзбекстанда спорт түрлерінің ішінде футболға көбірек көңіл бөлінгені байқалады. Осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін букмекерлік кеңселердің қызметіне рұқсат беру жайы қарастырылып жатыр. Кейін одан түскен салықтың 45 проценті балалар футболына жұмсалады. Мемлекет елдің бизнесмендерін де осыған үндейді. Таяуда өзбектің белгілі бай-манаптарының бірі «Пахтакор» стадионын жаңартуға 100 млн доллар қаражат бөлетіні белгілі болды. Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов Осы категория бойынша: « Үндістан цифрлық валютаға көшеді

       Ақпарат дереккөзі