Мәдениет және спорт министрлігі Бақыт Сәрсекбаевтың пікіріне жауап берді

Мәдениет және спорт министрлігі Бақыт Сәрсекбаевтың пікіріне жауап берді

       ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бокстан Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың Қазақстан құрамасының Ташкентте өтетін Азия чемпионатына қатыспауына қатысты айтқан пікіріне жауап берді.

       Бұған дейін Бақыт Сәрсекбаев Instagram парақшасында жазба қалдырған болатын.

       «Сіздер Париж-2024 Олимпиадасында Токио-2020-дағыдай нәтижені қалап отырсыздар ма? Сіздер еліміз бен спортшыларымызды Азия чемпионатына және одан кейін Азия ойындарына қатысуға лайықсыз деп кемсітпексіздер ме? Спорты маңызы төмен матч болмайды!», - деп жазды боксшы.

       Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі боксшының пікіріне жауап беріп, ұлттық құраманың аталған жарыстарға қатысудан бас тарту себебін түсіндірді.

       «Бастапқыда Қазақстан құрамасы аталған жарысқа қатысуды жоспарлаған еді. Алайда, ПТР-тест тапсыру барысында Қазақстанның қыздар ұлттық құрамасы мүшелерінің арасында коронавируспен ауырғандар санының көп болуы жоспарымызға түзету енгізді. Алты спортшымыздан ПТР-тестілеудің оң нәтижесі шығуына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жаттығу базасын карантинге жабу туралы шешім қабылдады», - деп түсіндіреді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенова.

       Оның атап өтуінше, инфекцияның пайда болуына және таралуына жол бермеу мақсатында бокстан ұлттық құраманың бас бапкері алдағы Азия чемпионатына қатыспау туралы шешім қабылдаған.

       «Орын алған жағдайда аталған іс-шара қазақстандық спортшылар мен олардың бапкерлерінің денсаулығын сақтау мақсатында қажет болды. Бұған қоса, төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты бокстан ерлер құрамасы Азия чемпионатында дайындыққа арналған оқу-жаттығу жиынын өткізе алмады. Сондықтан бапкерлер штабы аталған біріншілікке қатыспау туралы шешім қабылдады», - деді ол.

       Министрлік өкілінің сөзіне қарағанда, таяу уақытта Қазақстанның құрама командасы 2022 жылдың маусымына жоспарланып отырған Азия бокс конфедерациясы ұйымдастыратын Ерлер мен қыздар арасында бокстан Азия чемпионатына қатысу үшін белсенді дайындықты бастайды.

       Ақпарат дереккөзі