Энергетика министрлігінің соңғы хабарламасы көлік жүргізушілерін қуанта қойған жоқ. Себебі аталған министрлік бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаны белгілеу туралы бұйрық жобасын әзірледі.
Азаматтардың басым бөлігі мұнайлы өлкеде, қара алтынға бай мемлекетте өмір сүреміз, бірақ сұйық отын бағасы қымбат деп ренжиді. «Еуропа елдерінде бензин бағасы қымбат болғанымен, олардың табысы бізден анағұрлым көп» деген орынды уәжін алға тартады.
Ұзақ уақыт бойы Қазақстанда бензин бағасы үкіметтің тікелей шараларының арқасында төмен деңгейде қалып отырды. Яғни, жанармай өнеркәсібі үкіметтің ақшасымен реттелді. Осылайша, әкімшілік шаралардың арқасында баға 2011 жылға дейін ұсталды. 2016 жылға дейін мемлекет жанармайдың шекті құнын шектеуге ұмтылды. Соңғы бес жылда жанармай нарығы бұл шаралардан шартты түрде босатылды. Яғни, бағаны реттеу теңге сияқты құбылмалы бағам саясатының арқасында нарықтық механизмдермен жүзеге асырылды. Алайда, осы ретте ықпал етудің кейбір шаралары сақталды. Мәселен, мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) мұнайды әлемдік нарықта қымбат немесе арзан болса да, өндіруші компаниялардан шикізат құны бойынша сатып ала берді.
Дәл сол себепті мұнай бағасы арзандағанына қарамастан, Қазақстанда бензин бағасы төмендеген жоқ.
Неліктен?
Себебі Қазақстанда мұнай қымбат, өйткені ол табиғи шикізат, ол жерден 3-5 км тереңдікте жатыр. Кейбір мұнай шығаратын орындарда қазылған мұнайдың 90 пайызы су болып шығады, тек 10 пайызы ғана таза мұнай. Мұнайды дайындау, тазарту процессі бар, өндіріс орындарына жеткізу, зауытта қайта өңдеу, ЖЖБ жеткізу, оған салық төлеу мен жалақыны қосыңыз. Бензин автокөліктерге құйылам дегенше көп этап пен шығыннан өтеді.
GlobalPetrolPrices сайтының 2022 жылы наурыз айында ұсынған мәліметі бойынша, Қазақстан АИ-95 жанармай бағасының құны бойынша 170 елдің ішінде 8-ші орында тұр.
Елімізде бензин литрінің бағасы 210 теңге (0,393 доллар) құрайды.
Ең арзан бензин Венесуэлада литріне 0,025 доллар (теңгемен есептегенде 13 теңге). Сондай-ақ алғашқы ондықта Ливия (0,032 – шамамен 16 теңге), Иран (0,051 – шамамен 26 теңге), Сирия (0,316 – шамамен 161 теңге), Алжир (0,322 – шамамен 164 теңге), Ангола (0,340 – шамамен 173 теңге) бар. , Кувейт (0,345 – шамамен 176 теңге), Нигерия (0,4 – шамамен 204 теңге) және Түркіменстан (0,428 – шамамен 218 теңге).
Қазіргі уақытта бағасы ең жоғары деңгейде тұрған АҚШ-та бензин бағасы Қазақстанға қарағанда үш есе қымбат тұрады.
Біздің мұнай өңдеу зауыттары бірнеше жыл бұрын модернизацияны аяқтаған. Оған $6-6,5 млрд теңге жұмсалды. Олар Еуро-4 және Еуро -5 стандартты сапалы отын өндіреді. Сонымен қатар базалық мұнай-химиялық шикізат өндіруді бастады. Бұдан басқа, Үкіметтің қолдауыме жүзеге асырылған модернизация салдарынан қазақстандық мұнайды өңдеу мәселесі шешілді. Бұған дейін көптеген зауыттар ресейлік мұнай мен технологиялық бағдардың ығынан шыға алмайтын. Сонымен қатар қазір зауыттар толықтай қазақстандық мұнаймен жұмыс істейді, отандық нарықты 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр.
Енді шілде айынан бастап бензин бағасының қаншалықты өзгеретінін уақыт көрсетеді.
Фото: inbusiness.kz, ainews.kz, 365info.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через