Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайықтың» екі ойыны кейінге қалды.
Оралдықтар 10-11 қаңтар күні өз айдынында Орынбордың «Локомотивін» қабылдау керек еді, әйтсе де бұл кездесу елдегі төтенше жағдайға байланысты өтпей қалды.
«Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың айтуынша, қазіргі кезде орынборлықтармен келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта төрт матч Орынборда өтуі мүмкін (негізі, командалар екі ойынды өз айдынында, қалған екеуін сыртта өткізеді).
Оралдық команда басқа ойындарын өз мерзімінде өткізеді. Батысқазақстандықтар 2-3 ақпанда өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды.
«Біз жаттығуды үзген жоқпыз. Дайындалу үстіндеміз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Д.Қалақов.
Николай Шавалдиннің шәкірттері 10 ойыннан кейін 21 ұпаймен үшінші топта бұрынғысынша екінші орында келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қатарынан төрт рет жеңіске жеткенін, «Барыстың» кезекті матчы кейінге қалдырылғанын жазған болатынбыз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через