фото: pixabay.com
Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған Наурыз – ұлық мереке. Ел асыға күтеді. Жүздері жайнап, бір шетте қазаны қайнап жатқан жұрт бұл тойда мәре-сәре.
Шарықтап ән шырқалып, күмбірлеп күй төгіледі. Дегенмен ұлт мейрамын бұдан да гөрі ұлықтай түссек қалай?
Серік Ерғали, мәдениеттанушы: - 21-22 наурызға қараған таңды Президентімізден бастап қарсы алсақ, баяғы скиптерше, ғұндарша. Скиптердің солай қарсы алғанын Квенти Руп деген римның тарихшысы жазып кеткен. Ғұндардың солай қарсы алғаны қытайларда жазылған. Екеуіне де ортақ бір нәрсе – 365 баланы қызыл мауытымен киіндірген. Солай қарсы алған. Соны біз әдемілеп мерекенің айшығына, мазмұнына айналдыруымыз керек.
Тойдың сәні келісті, мәні қалай? Наурыз мейрамы тек ас ішу, көңіл көтеру ғана емес ұрпақ үшін тағылымдық мәні бар мереке болуға тиіс. Ұлттық ұстынымыз берік болу үшін, оның мазмұнын байыта түссек ұтарымыз да мол дейді үлкендер.
Тұрар Шәкен, тарихшы: - Наурыз дегеннің өзі – жаңа күн дегенді білдіреді. Наурыз мерекесін жаңарту керек деп ойлаймын. Наурыздың тағылымдық, тәрбиелік мәні бар, ата-бабамыздан қалған құндылығымызды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін содан бастауымыз керек.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы: - Біз бұған дейін мынаны шатастырып келдік. Наурыз мейрамы деген күн мен түннің теңелуі деп. Тек қана ол емес. Оның екінші басты мәні бар еді. Ол – жалпы түркілік жыл басы болатын. Ол күн он төртінші наурыз еді.
Ия, жыл басы ескіше Наурыздың он төртінде басталған. Бұл уақытта қазақтың ұланғайыр даласының бір шетінде көк тебіндеп жер аяғы кеңісе, бір шетінде қалың қар жатар еді. Сөйтіп мейрам айға созылған. Бүгінгінің қазағы да бұдан кенде емес. Ел жұрттың алды наурыздың 22-сін күтпей, мерекелік шараларды бастап кетері анық.
Дереккөз 24.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через