Алматыда жасыл желекті күтудің жаңа ережесі бекітіледі

Алматыда жасыл желекті күтудің жаңа ережесі бекітіледі

Алматыда көше бойына, саябақта отырғызылған шыршалардың бірқатары қурап жатыр. Бұл ағаштарды жергілікті әкімдік арнайы бағдарлама аясында қыруар қаржы бөліп отырғызғанымен оған  күтім жасауды ұмытып кеткен сыңайлы. Аптап ыстықта су көрмеген көшеттердің басы сарғайып, біразы мүлдем өліп қалған.

Құлағалы тұрған ағаштар адамдар өмірі үшін өте қауіпті. Көпшілігі жап-жасыл болып көрінгенімен, іштері қуыс. Кез-келген сәтте құлап кетуі ықтимал.

Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы өкілдерінің айтуынша, қала бойынша шіріген ағаштың саны 30 мыңнан асқан. Оларды өңдеу, кесу науқаны көктемде басталып, қыркүйек айының соңына дейін жүргізілмек.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің, Standard.kz тілшісіне берген жауабы бойынша, қазіргі уақытта қалада Алматыда 2,2 миллионға жуық жасыл желек бар, ауданы - 1 427 гектар. Бұл көрсеткішті 2 мың гектарға жеткізу, ағаштардың санын 3 миллионға дейін көбейту жоспарланған. Алайда, егілген ағаштар қараусыз қалып, еңбек далаға кетіп жатыр.

Жасыл экономика басқармасының тендері арқылы қомақты ақша алып отырған 8 ірі компания бар. Одан бөлек әр аудан мердігер мекемелер үшін тағы тендер өткізеді. Олар Алматыдағы жүздеген мың ағаштың күтіміне жауапты. Қаладағы әрбір ағашқа күніне 50-60 литр су құйылу керек. Алайда, апталап суарылмаған ағаштар қураған бұтаға айналған.

Былтыр 250 мың ағаш егеміз деп дүрліккен әкімдік жоспарды толық орындай алмаса да, биыл бюджет ақшасына тағы 350 мың ағаш отырғызуды жоспарлапты. 2022 жылдың соңына дейін қаладағы жас ағаштардың санын 1 миллионға жеткіземіз деген әкімдік оларды да қараусыз қалдырса, бюджеттің тағы қанша ақшасы желге ұшатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Алматы әкімдігі жасыл желекті күту мен қорғаудың жаңа ережесін бекіткелі отыр. Ереже мегаполистің жасыл қорын дамыту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттырады, оған жасыл желекті жасарту, санитария мақсатында кесу жөніндегі технологиялық нұсқаулар және ағашты заңсыз кескендер мен жасыл желекке залал келтіргендерді жауапкершілікке тарту мен қаланың жасыл қорын қорғау нормалары енген. Жаңа ережені жасау үшін жұмыс тобы құрылды, оның құрамында сарапшылар қоғамдастығы, жұртшылық және ғылым өкілдері бар. Қазір жобаның 90%-і дайын.

Бұрын ағашты заңсыз кесу кезінде жасыл қорға келтірілген залалды есептеу әдістемесі болмады, жасарту, ағаштың ұшар басын тәртіпке келтіруге, жасыл желекті санитария мақсатында кесуге рұқсат алудың талап етілмеуі бұл жұмыспен тәжірибесі жоқ адамдардың айналысуына себеп болды, соның кесірінен қаланың жасыл желегінің жай-күйі нашарлады.

Енді жаңа ереже жобасына мынадай тың нормалар еніп отыр:

 - Ағашты санитария мақсатында кесу үшін Алматы әкімдігінің келісімін алу;

 - Ағаш санитария мақсатында немесе басқа да себеппен Алматы әкімдігінің келісімімен кесуге мәжбүрлік болғанда орнына, магистраль көшелер бойында болса, діңі 20-25 сантиметр болатын, басқа аймақта болса, діңі 14-16 сантиметр болатын жапырақты ағаш немесе аталған жерлерге биіктігі жентегімен 2,5 метрден кем емес қылқанжапырақты ағаш (сапасы І және ІІ класс болатын) егу;

- Жасалған әдістеме бойынша жасыл желекке келтірілген залалдың нақты құнын анықтау;

- Құлағалы тұрған ағаш кесілген жағдайда бір талдың орнына бір тал, құрылыс не басқа да себеппен ағаш кесуге мәжбүр болған жағдайда бір тал орнына 10 тал, ағашты заңсыз кескен жағдайда бір тал орнына 100 тал егу;

- Жасыл желектің кепілдік берілген мерзімі — 3 жыл;

 - Жасыл желегі бар аумақтарды күту жөніндегі бағдарламаның әкімшілері жалпы пайдаланылатын жерлерде ерте көктемде, көктем-жаз, жаз, көктем-күз мезгілдерінде төрттен кем емес рет жасыл желекті сауықтыру мен зиянкестерден және аурулардан қорғау шарасын жүргізуі керек.

Ереже жобасымен қаланың жасыл экономика басқармасының ресми сайтынан танысуға болады. Жоба туралы кез келген адам ұсынысын жолдай алады.

Ата-бабаларымыз ежелден қураған ағашты жаман ырымға жорыған. Түрлі эпидемиялық (об, қызылша т.б.) ауруға ұшырап қалған елді мекенді тастап кетіп, иесіз ауылдағы ағаштар қурап қалатын болған. Ол жерді жұрт сыртынан ғана бақылап, ол жаққа аяқ баспай шошынып отырған. Сондықтан, аулаларында бір ағаш қураса, шауып тастап орнына жас көшет еккен. Себебі қураған ағаш тозған елді, шарасыз жұртты, бізге бәрібір дейтін тобыр адамдарды білдіреді екен. Осылайша табиғаттың сиқын қашырған  қураған ағаш жаман ырымдар тізбесіне еніп кетіпті.