Әлемдегі ең бай спортшылар

Әлемдегі ең бай спортшылар
фото: https://egemen.kz

Әлемдегі ең бай спортшылар

Жуырда әйгілі Forbes журналы 2021 жылы материалдық тұрғыдан ең көп олжаға кенелген спортшылардың рейтингін жариялады. Әдетте үздіктер тізімінің алдыңғы легінен футболшылар мен теннисшілерді немесе гольфшылар мен кәсіпқой боксшыларды көретін едік. Бұл жолы олай болмады. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бай-қуаттылар көшін атышулы ирландиялық аралас жекпе-жек шебері Конор Макгрегор бастап тұр.

Ирландияның астанасы – Дублиннің дәл іргесінде орналасқан Крамлин қаласында туып-өскен Конор қара жұмысқа ерте жегілді. Өзінің еңбек жолын сантехник болып бастаған ол 20 жастан асқан шағында аралас жекпе-жекке ден қойды. Өзінің табандылығы мен жанкештілігінің арқасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Арада бес жыл өткен соң әлемдегі ең белді ұйым – UFC мамандарының назарына ілікті. Америкаға келген бетте Макгрегор қатарынан жеті жекпе-жекте жеңіске жетіп, жартылай жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленді. Одан таяқ жегендер арасында Маркус Бри­мейдж, Макс Холлоуэй, Дигеу Брандан, Дастин Порье, Деннис Зифер, Чед Мендес және Жозе Алду сынды саңлақтар болды. Жоғарыда атап өткен жеті кездесудің алтауын Конордың мерзімінен бұрын аяқтағанын да айта кеткеніміз абзал.

Кельттер елінен келген жігіттің өнері бірден жанкүйерлердің көңілінен шықты. Ол өзіне ғана тән стилімен көзге түсті. Жүріс-тұрысы бөлек, өз-өзін ұстау мәнері өзгеше, сөзге шешен спортшы әр жекпе-жекті шоуға айналдыра білді. Оның қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты немесе көз түйістіру рәсімі әр кез дау-дамаймен аяқталатын. Жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан кездер де аз емес. Ал жекпе-жек десе делебесі қозып, қаны қыз-қыз қайнайтын көрермендерге де керегі сол. Бір сөзбен айтсақ, ол аралас жекпе-жек өнерін жаңа деңгейге көтерді.

Бір қызығы, былтыр 33 жастағы Макгрегор небәрі екі кездесу өткізіп, екі ретінде де өзінің сыралғы қарсыласы – америкалық Дастин Порьеден техникалық нокаутпен ұтылды. Октагонда бар-жоғы 752 секунд айқасты. Соның өзі байлыққа белшеден бату үшін жеткілікті болды. Ирландия өкілінің таза спорттағы табысы 22 миллион долларын құраса, жарнамадан түскен кіріс – 158 миллион доллар. Барлығы – 180 миллион доллар. Үлкен өмірін сантехник болып бастаған қарапайым жұмысшы қазіргі кезде үлде мен бүлдеге оранып отыр. Не ішемін, не жеймін демейді. Керісінше, ақшасын қайда жұмсарын білмей, түрлі брендтер ойлап табуда. Конор осының барлығына өзінің еңбегі мен табандылығы, ептілігі мен іскерлігінің арқасында қол жеткізді. Міне, осыдан кейін «Әркімнің өз тағдыры өз қолында» дегенге сенбей көріңіз!

Бай-қуатты спортшылардың тізімінде екінші және үшінші орындарды әлемдік футболдың шоқжұлдыздары – Лионель Месси мен Криштиану Роналду өзара бөлісуде. Аргентинаның мақтанышы 130 миллион (еңбекақы мен сыйақы – 97 млн доллар+жарнама – 33 млн доллар) табыс тапса, португалиялық сұрмергеннің кірісі – 120 млн доллар (70 млн доллар+50 млн доллар). Сондай-ақ «ТОП-10» спортшының қатарында америкалық футбол өкілдері Дак Прескотт (107,5 млн доллар) пен Том Брэди (76 млн доллар), баскетболшылар Джеймс Леброн (96,5 млн доллар) мен Кевин Дюрант (75 млн доллар), футболшы Неймар (95 млн доллар), теннисші Роджер Федерер (90 млн доллар) және «Формула-1» спортының серкесі Льюис Хэмилтон (82 млн доллар) сынды спортшылар бар.

Forbes өткен жылы ең көп табыс тапқан әйелдердің де есімдерін жария етті. Бұл тізімге мыналар енді: Наоми Осака (теннис) – 57,3 млн доллар, Серена Уильямс (теннис) – 45,9 млн доллар, Винус Уильямс (теннис) – 11,3 млн доллар, Симона Байлз (спорттық гимнастика) – 10,1 млн доллар, Гарбинье Мугуруса (теннис) – 8,8 млн доллар, Ко Джин Янг (гольф) – 7,5 млн доллар, Пусарла Венката Синдху (бадминтон) – 7,2 млн доллар, Эшли Барти (теннис) – 6,9 млн доллар, Нелли Корда (гольф) – 6,2 млн доллар және Кэндис Паркер (баскетбол) – 5,7 млн доллар.

Мәтіндегі ақпарат туралы