фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі
Көрменің құрамы: Өтетін орны: Третьяков галереясы, Крымский Вал, 10, 36-зал.
Өтетін мерзімі: 7 қазан – 23 қараша
Көрмеде Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі мен Мемлекеттік Третьяков галереясының жинақтарынан алынған 60-тан астам кескіндеме және мүсін туындылары қойылады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Мәдениет күндері аясында Мемлекеттік Третьяков галереясы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі дайындаған «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесін ұсынады, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Көрме ХХ ғасырдың бірнеше буынына жататын дарынды шеберлердің кескіндеме және мүсін бағытындағы 60-тан астам туындыларымен таныстырады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі.
Ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы Әбілхан Қастеевтің есімімен тығыс байланысты. Оның туындылары өткен ғасырдың басында көшпенділер өмірінде орын алған қарқынды өзгерістердің хроникасына айналды.
1930-1940 жылдары кәсіби мектептің қалыптасуына Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан келген суретшілер ықпал етсе, 1950 жылдары оның негізін Мәскеу мен Ленинград тәжірибесін бойына сіңірген Алматы көркемсурет училищесінің түлектері қалады. Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Қанапия Телжанов және Камил Шаяхметовтің туындылары реалистік кескіндеменің үздік дәстүрінде орындалып, әрдайым ұлттық тақырыпқа бағытталады.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі.
Айша Ғалымбаева қазақ натюрморт жанрын қалыптастырса, ал Гүлфайрус Ысмайылова оған ерекше сәндік көркемдік мән берді. Қанапия Телжанов пен Сабыр Мәмбеев көшпелі мәдениеттің романтикалық бейнесін жасап, адам мен табиғаттың мәңгілік өмір ырғағында үйлесім табатынын көрсетті.
Авангард өнерінің көрнекті шебері Сергей Калмыков Қазақстан өнерінде ерекше орын алады. Ол өз заманынан әлдеқайда озып, бірегей көркемдік бейнелер жүйесін қалыптастырған.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі.
Ал, Салихитдин Айтбаев, Тоқболат Тоғысбаев, Шаймардан Сариев секілді «алпысыншылар» буынының өкілдері жаңа көркемдік құралдарын іздеп, кескіндеме өнерін символикамен және түстік-пластикалық тәжірибелермен байытты.
1970-1980 жылдары басты назар жеке ізденістерге ауысты. Камил Муллашевтің «Жер және уақыт. Қазақстан» атты триптихінде республиканың бейнесі тың игеру, ғарыш және индустриялық тұрғысынан көрсетілген. Ерболат Төлепбай кескіндемеге терең философиялық мән берді. Ал Амандос Ақанаев көшпелі мәдениеттің қасиетті нышандарын қайта жаңғыртты.
1990 жылдары өнердің мазмұны философиялық тұрғыдан тереңдеп, жаңа бағытта дамыды. Бақыт Бәпішевтің туындыларында архаикалық дәстүр Абсолюттің метафорасына айналса, Марат Бекеевтің шығармаларында Адам мен Ғалам туралы ежелгі түркі дүниесінен нәр алған миф жаңа тынысқа ие болды.
Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі.
Көрме көрермендерді Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаев секілді қазақстандық мүсін өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық жетістіктерімен таныстырады. Олардың туындылары қазақстандық мүсін өнерінің тұтас бір буынына тән басты қызығушылықтар мен шығармашылық ізденістердің негізгі бағыттарын айқын бейнелейді.
«Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ұлттық бейнелеу өнерінің таңдаулы туындыларын паш етеді. Көрмеге қойылған жұмыстар көшпелі дәстүр мен заманауи көркемдік ізденістерді тоғыстырып, Қазақстанның бейнесін әлемдік мәдени кеңістікте жаңа қырынан айшықтайды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через